Түркістан облысы еліміздің экономикалық дамуының жаңа бағытында белсенді қадам жасап отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы толық мәлімет берді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздің экономикалық бағытын жаңа деңгейге көтеру тапсырмасы қойылды. Жолдауда атап көрсетілген басты мақсат – Қазақстанды инновациялық және цифрлық технологияларға негізделген экономикаға көшіру. Осы бағытта бірінші кезекте экономиканы әртараптандыру мәселесі қарастырылған. Яғни, еліміздің дамуы тек қана мұнай мен шикізатқа тәуелді болмауы тиіс, керісінше, жоғары технологиялық өндіріс, инновациялық индустрия мен экспортқа бағдарланған салаларға басымдық берілуі қажет.
Экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыру
Түркістан облысында өндірісті дамыту мақсатында сырттан келетін тауарларға талдау жүргізілген. Зерттеу нәтижелері бойынша импорттың негізгі үлесі құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өнімдеріне тиесілі екені анықталды. Бұл тауарлардың жалпы импорты 98 млрд теңгені құрайды.
– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд.теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр. – деді Нұралхан Көшеров.
Индустриалды аймақтардың дамуы
Қазіргі таңда Түркістан облысында 20 индустриалды аймақта 152 млрд теңге көлемінде 99 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Толық іске қосылған жағдайда бұл жобалар 6 361 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытқа дейін 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Бұл жобаларда 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Арнайы экономикалық «Turan» аймағында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мұнда 211,8 млрд теңге көлемінде 28 ірі жоба қолға алынған. Аймақ инвестициялық тартымдылығы жоғары әрі заманауи инфрақұрылымға ие бола отырып, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тиімді алаң болып отыр.
Әлеуметтік және экономикалық әсер
Іске асырылып жатқан жобалар тек экономикалық өсімді қамтамасыз етпей, сонымен қатар өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жобалардың нәтижесінде жастар мен мамандар өз біліктілігін іске асырып, табысты әрі тұрақты өмір сүру деңгейін арттыра алады. Сонымен қатар, жергілікті өндірістердің дамуы импортты алмастыруға және облыстың экономикалық тәуелсіздігін арттыруға септігін тигізеді.
Түркістан облысында индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарды дамыту арқылы өңірдің өндірістік әлеуеті арттырылуда. Мемлекеттің инновациялық және цифрлық технологияларға негізделген экономикалық бағытына сәйкес, инвестициялық жобаларды іске асыру елдің экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің дамуына үлес қосуда.
