Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАНДАРЫ МЕН ҚАЛАЛАРЫНДА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР МЕН АЛАҢДАР АШЫЛЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАНДАРЫ МЕН ҚАЛАЛАРЫНДА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР МЕН АЛАҢДАР АШЫЛЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛУДА

Daismedia.kz

Түркістан облысы экономикасын әртараптандыру және отандық өндірісті қолдау бағытында маңызды қадамдар жасап келеді. Соңғы жылдары облыстың әр ауданы мен қаласында шағын өндірістік парктер мен өндірістік алаңдардың құрылысы белсенді жүргізілуде. Бұл жобалар тек жаңа жұмыс орындарын құрумен ғана шектелмей, сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және импорттық тауарларды алмастыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан маңында іске асырылып жатқан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы – отандық өндірісті дамыту мен қайта өңдеуді қолдаудың нақты мысалы. Жобаның жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Мұнда 152 ғимарат салу жоспарланған, нәтижесінде 6 040 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның бірінші кезеңінде 40 ғимарат салынды, 32 жоба іске қосылды, 1 220 жұмыс орны құрылды. Бұл шараның тиімділігі де айқын көрініс тапқан: әрбір бюджеттен бөлінген 1 теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.

– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Жергілікті кәсіпкерлер де шағын өндірістік алаңдарды дамытуда белсенділік танытуда. Әр аудан мен қаланың, сондай-ақ халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде жаңа өндірістік алаңдар ашылып, кәсіпорындар мен зауыттар іске қосылуда. Бұл тәсіл жергілікті экономиканы дамытуда айтарлықтай үлес қосып отыр.

Сауран ауданында жеке инвестициялар есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд теңгеге 115 жоба жүзеге асырылып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

Ордабасы ауданында «Темірлан» өндірістік алаңының құрылысы белсенді жүруде. Аумақ көлемі – 10,5 гектар, инвестиция көлемі – 10,4 млрд теңге. Мұнда 5 ғимарат салынып, 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Әкімнің айтуынша, жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кеткен.

Облыс көлеміндегі көрсеткіштер
Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылған. Негізгі өндіріс бағыттары: құрылыс материалдары; жиһаз өндірісі; пластик және резеңке өнімдері; химия өнімдері; жеңіл өнеркәсіп.

Облыс бойынша 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоспар бойынша, келесі жылы бұл ғимараттар аяқталып, толық көлемде іске қосылады.

Шағын өндірістік парктер мен өндірістік алаңдар жұмыс орындарын құру арқылы өңір халқының табысын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жобалар сонымен қатар жергілікті бизнесті қолдап, шағын және орта кәсіпорындардың дамуына жағдай жасайды. Бұл экономикалық өсімді күшейтумен қатар, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында да маңызды рөл атқарады.

Түркістан облысында шағын өндірістік парктер мен өндірістік алаңдардың дамуы – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құру мен экономикалық өсімді қамтамасыз етудің маңызды факторы болып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттік қолдау нәтижесінде облыс экономикасы әртараптандырылып, халыққа тиімді жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

You may also like

Leave a Comment