Түркістан облысы соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымдық жобалардың көбеюіне байланысты электр энергиясына деген сұраныс айтарлықтай артқан аймақтардың біріне айналды. Бүгінде өңір өз қажеттілігінің шамамен 75 пайызын сыртқы аймақтардан импорттауға мәжбүр. Бұл жағдай тұрақты дамуға, жаңа инвестицияларды тартуға және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға едәуір кедергі келтіріп отыр.
Осы мәселені шешу мақсатында Түркістан облысында энергетика саласында бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар қолға алынып, іске асырыла бастады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Қуат көздеріне қатысты ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Самұрық-Қазына» қорының көмегімен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Жоба құны – 800 млрд. теңге. Келесі жылы құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Жалпы құны – 155 млрд. теңге. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарланған. Түлкібас ауданында 320 МВт болатын бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт болатын 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар.
Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 трлн. теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде өңір жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысында басталған энергетикалық жобалар – тек инфрақұрылымдық қадам ғана емес, өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының негізі. Жаңа электр станциялары іске қосылған соң, облыс сырттан келетін энергияға тәуелділіктен арылып, өз өндірістері мен кәсіпорындарын үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.
Бұл бастамалар Түркістанды экономикалық тұрғыдан қуатты, экологиялық тұрғыдан таза әрі инвестиция үшін тартымды аймақтардың біріне айналдыратыны сөзсіз.
