Түркістан қаласының мәдени өмірінде ерекше орын алатын Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры үшін 2025 жыл табысты әрі жарқын оқиғаларға толы болды. Театр ұжымы биыл 150-ге жуық спектакльді сахналап, өнерсүйер қауымға мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор қойылымдарын ұсынды. Театр репертуары жыл сайын жаңа туындылармен толығып келеді. Биылдың өзінде репертуар 6 жаңа спектакльмен толыққан — оның үшеуі ересектерге, үшеуі балалар көрерменіне арналған. Бұл туралы театр директоры Арман Алиев брифинг барысында мәлімдеді.
ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМДАР МЕН ЖЫЛДЫҚ КӨРСЕТКІШ
Арман Алиевтің айтуынша, 141 қойылым көрермен назарына ұсынылған. Бұған қоса, театр ұжымы қазір жаңа жыл мерекесіне арналған «Мульти стори» атты арнайы қойылымды дайындау үстінде. Интерактивті форматтағы бұл жаңа жылдық шоу балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат етеді.
Театрдың шығармашылық қарқыны мен кәсіби деңгейінің өсуіне жыл сайын іске асатын жаңа жобалар мен гастрольдік сапарлар да оң әсер етіп отыр.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕРДЕГІ ЖЕТІСТІК
2024–2025 жылдар аралығында театр труппасы 2 халықаралық және 3 республикалық театр фестиваліне қатысып, өз өнерін жоғары деңгейде көрсетті.
Халықаралық аренадағы табыс
Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстан мәдениетін таныстыру мақсатында Үндістанның Дели, Пенджаб, Амритсар, Агра және Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Қазақ музыкасы мен биінің ұлттық нақышы шетелдік көрерменге ерекше әсер қалдырғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Кинешма қаласында өткен «Островский fest» халықаралық театр фестиваліне қатысқан өнерпаздар жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында лауреат атанып, ел абыройын асқақтатты.
ЕЛ ІШІНДЕГІ МАРАПАТТАР МЕН ТАНЫЛУ
Брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев биылғы жылдың тек халықаралық деңгейде ғана емес, ел ішінде де табысты болғанын айтты.
Қ.Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық фестиваль
Атаулы шараға театр ұжымы драматург Дулат Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» спектаклімен қатысты. Қойылымдағы Зылиха бейнесін сомдаған театр актрисасы Кәмшат Аштекова «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен марапатталды. Бұл — жас актрисаның кәсіби шығармашылығындағы үлкен белес.
А.Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі
Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткен додада Әбділда Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасы көрерменге ұсынылды. Қазылар алқасы театр актері Мейрамбек Құрманбековты «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапаттады.
Бұл марапаттар — театр ұжымының кәсіби деңгейін, актерлердің ізденісі мен еңбегін дәлелдейтін елеулі көрсеткіш.
ТЕАТРДЫҢ РУХАНИ ӨМІРДЕГІ ОРНЫ
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры бүгінгі таңда өңірдің мәдени орталығы әрі ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосып отырған шығармашылық орда саналады. Театр ұжымы тек сахналық өнерді дамытып қана қоймай, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнерді насихаттау бағытында да жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді.
Жыл бойы 150-ге жуық қойылым ұсыну — шығармашылық ұжым үшін үлкен еңбек пен тұрақты ізденістің нәтижесі. Әсіресе, балаларға арналған спектакльдердің көбеюі жас ұрпақтың өнерге қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.
Түркістандағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры 2025 жылды табысты аяқтады. Жаңа қойылымдар, халықаралық сапарлар, республикалық деңгейдегі марапаттар — мұның бәрі өнер ұжымының кәсіби деңгейі мен шығармашылық мүмкіндігінің кеңейіп келе жатқанын айғақтайды.
Алдағы уақытта театр труппасы тың жобалармен, жаңа қойылымдармен көрерменін қуанта бермек.
Театр жайлы айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық артисі Р. Сейтметов. Құрылған жылдың өзінде-ақ Б. Вахапзаденің «Небесные тюрки» драмасымен Түркияда өткен «Еуропа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Түріктер тарапынан жасалған өтінішке орай түрік тілінде қойылып, кейіннен Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді.[1] Ұжым кұрамында жас актерлер: Ғ. Қалыбаев, М. Оразыметов, Н. Төлендиев. А. Тоққұлиева, Р. Бақтыбаев, Ү. Әмірова, М. Айтжанов, А. Наурызбаев, Қ. Садақбеков, Ж. Жүнісовалар бар.
2002 жылы театр музыкалық-драма театр болып қайта құрылды.
2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р. Сейтметовтің есімі берілді.
Театр репертуарында М. Әуезовтің «Айман — Шолпан», С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», М. Баджиевтің «Қалыңдык пен күйеу», С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Б. Мұқайдың «Тоят түні», Б. Вахапзаденің (ауд. С. Тоқбалаева) «Елді арандатқан қылыш», С. Токбалаеваның «Жан-талас», С. Қасымбектің «Ясауи қасіреті», Ж. Әлжановтың «Абақты ғұмыр», У. Шекспирдің «Асауға-тұсау», Қ. Мырзаәлидің «Әмір-Темір», Т. Жандәулетовтың «Еркек», Ш. Мұртазаның «Домалақ ана», Ж. Жұматтың «Абақты ғұмыр», Ш. Уәлиханның «Кадет Шоқан», Д. Исабековтың «Құстар фестивалі», Ә. Қалдыбаевтың «Әкімнің туған күні», Ж. Рахматулланың «Өршіл Рух», С. Оспановтың «Мұңлық – Зарлық», Т. Минулиннің «Диляфрузға төрт күйеу», т.б. Театр гастрольдік сапармен Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Түркияда болып, өнер көрсетті.[2]
2001 жылы театрдың көркемдік жетекшісі Р. Сейтметов облыс көлемінде өткізілген «Ең үздік режиссер» бас жүлдесін, 2003 жылы тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығын иеленді.
2003 жылы театр Прага қаласында Еуропаның «Театр өнері» аталымы бойынша белгіленген алтын медалімен марапатталды.
2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі», «Алтын қанат» номинацияларымен марапатталды.
2007 жылы театрдың бас режиссерлігіне Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі Е. Оразымбетов келіп, театр жетістіктерін жалғастырды. 2008 жылы театр республикалық театр фестивалінде «Кадет Шокан» спектаклін қойып, қоюшы-режиссер Е. Оразымбетов мәдениет министрінің дипломымен марапатталды. Одан кейінгі жылы өткен республикалық фестивальде «Фестиваль құсы» спектаклі үшін «Үздік режиссер» номинациясын да еншіледі.
2008 жылы Ақтауда өткен Қазақстан театрларының XVI республикалық фестивалінде театр ұжымы «Қойылымның ең үздік режиссерлік шешімі үшін» арнайы дипломымен марапатталды.
2009 жылы Қарағанды қаласында өткен ХVII театр фестиваліне театр Е. Сиябекұлы қойған Д. Исабековтың «Құстар фестивалі» атты мюзикл комедиясымен қатысты. Қоюшы режиссер «Ең үздік режиссер» атанып, «Алтын маска» жүлдесін иеленді.
2011 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып келген Ғазиз Арынов та дәстүрлі жолды әрі қарай жалғастырды. «Көктем–2011» республикалық фестивалінде «Абақты ғұмыр» спектаклі «Үміт» номинациясына ие болды.
2011 жылы театр әртістері Г. Айтбаева мен Т. Қарынбаев «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Осы жылы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында өткен «Навруз-2011» атты ІІІ-Кәсіби театрлардың халықаралық фестивалінде Б. Вахапзаденің «Көк түріктер» атты тарихи драмасымен өнер көрсетті. Тәжікстан мемлекетінің мәдениет министрі Мирзошохрух Асроридің дипломымен марапатталды.
2013 жылы Жетісайда өткен «Театр көктемі-2013» облыстық кәсіби театрлар фестивалінде өнер ордасы Еврипидтің «Троя ханшасы» атты моно қойылымымен өнер көрсетіп, «Айрықша шығармашылық табысы және әлемдік классиканы насихаттағаны үшін» номинациясымен марапатталды.
2014 жылы «Театр көктемі-2014» облыстық фестивалінде театр труппасы Ж. Жұматтың «Тірі жан» драмасын қойып «Өзекті мәселені көтергені үшін» номинациясымен марапатталды.
2015 жылы Шымкент қаласында өткен «Театр көктемі – 2015» облыстық театр фестивалінде өнер ұжымы «Көрермен көзайымы» номинациясында және театр актрисасы Ә. Қожабекова «Ең үздік әйел бейнесі» аталымында жеңіске жетті.
Театр ғимараты 1938 жылы салынған Түркістан теміржол мекемесінің киноклубы болған. 2000 жылы қайта күрделі жөндеуден өтті, 250 адамға арналған көрермен залы мен мұражай бар.
