Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САУРАН АУДАНЫНДА ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ТІКЕЛЕЙ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ САУРАН АУДАНЫНДА ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ТІКЕЛЕЙ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

Daismedia.kz

Сауран ауданында ұйымдастырылған инвестициялық іс-шараның екінші күні мазмұнды келіссөздер мен нақты ұсыныстарға толы жұмыс форматында жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдібаевтың төрағалығымен өткен отырысқа Қытайдың өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі бағытында жұмыс істейтін ықпалды компаниялардың өкілдері қатысты.

Бұл басқосу шетелдік инвесторларға өңірдің мүмкіндіктерін терең таныстыруға, ал жергілікті кәсіпкерлерге өз жобаларын көрсетуге зор мүмкіндік берді.
Бұл күні қытайлық инвесторлар өздерінің өндірістік және технологиялық ұсыныстарын кеңінен таныстырып, саурандық кәсіпкерлермен тікелей B2B форматындағы келіссөздер жүргізді.

Жиынға Қытайдың өнеркәсіптік жабдықтар, тамақ өнімдерін өңдеу, қаптау, сүт және ұн өнімдері, мұздатылған тағамдар өндірісі саласындағы компания өкілдері қатысты. Олар Қазақстан нарығына жол ашуға, бірлескен өндіріс құруға және «Zhongzhi Mayson» өнеркәсіптік қоры арқылы қаржы қолдау тетіктерін пайдалануға дайын екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында әр компания өз жабдықтарының артықшылықтарын, өндіріс желілерін енгізу мүмкіндіктерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша кооперация бағыттарын ұсынды. Жергілікті кәсіпкерлер Сауран ауданындағы дайын инфрақұрылым, өндіріс алаңдары, агроөнімдер қоры және логистикалық мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Кездесуде арнайы бейнебаяндар көрсетіліп, өңірдің нақты инвестициялық жобалары таныстырылды. Қытайлық кәсіпкерлер Сауранда азық-түлік өнеркәсібі, агропереработка, құрылыс материалдары және экология салаларындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді бастауға уағдаласты. Инвесторлар алдағы уақытта Сауран ауданына қосымша сапарлар ұйымдастырып, нақты жоба алаңдарын көруге дайын екенін мәлімдеді.

Сауран ауданында өткен инвестициялық кездесудің екінші күні өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін, халықаралық әріптестікті кеңейтетін маңызды қадамға айналды. Қытайлық компаниялардың қызығушылығы мен нақты ұсыныстары Сауранның инвестициялық тартымдылығының артқанын және жаңа өндірістер қалыптастыруға толық мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр.

Бұл келіссөздер жақын уақытта өңірдің агроөнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, технологиялық жаңғырту сияқты салаларында жаңа жобалардың басталуына жол ашуы ықтимал.

You may also like

Leave a Comment