Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және өңдеу саласын күшейту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте «AMANAT» партиясы ауылды өркендетудің нақты тетігі ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын дамытуға айрықша назар аударып келеді. Партияның Сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттер Түркістан облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бір айқын көрінісі – жүгеріні терең өңдейтін ірі өндірістік кешеннің іске қосылуы.
Стратегиялық жоба – өңір дамуының жаңа кезеңі
Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков «Казкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны 2026 жылы толық іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл жоба «AMANAT» партиясының Түркістан облысында Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Жаңа кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – жылына 150 мың тонна жүгері. Қазіргі таңда зауыттың шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері іске қосылып, инфрақұрылымдық жұмыстар толық жолға қойылған. Бұл – жобаның жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанын білдіреді.
Қалдықсыз өндіріс және жаңа жұмыс орындары
Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға оң әсер ететін маңызды көрсеткіш. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы табыс көзін арттырып қана қоймай, ішкі көші-қонды азайтуға да ықпал етеді.
Өндірісте қалдықсыз өңдеу технологиясы қолданылмақ. Яғни жүгері шикізаты толық өңделіп, оның әрбір құрамдас бөлігі тиімді пайдаланылатын болады. Бұл экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өндіріс тиімділігін арттырады.
«Казкрахмал» кәсіпорнында жүгеріні терең өңдеу нәтижесінде 20-дан астам дайын өнім түрін шығару жоспарланып отыр. Атап айтқанда:
крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, кебек, түйіршіктелген құрамажем және басқа да өнімдер өндіріледі.
Маңыздысы – өндірісте генетикалық түрлендірілмеген (ГМО-сыз) жүгері ғана пайдаланылатын болады. Бұл ішкі және сыртқы нарықта экологиялық таза, сапалы өнімге деген сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыруға тартылған жалпы инвестиция көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Бұл – отандық агроөнеркәсіп саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кәсіпорын өнімдері тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Азия және Еуропа елдеріне экспортталады деп жоспарлануда.
Осылайша, жаңа өндіріс Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Терең өңделген өнімнің қосылған құны жоғары болғандықтан, бұл жоба ел экономикасына айтарлықтай пайда әкелмек.
Түркістан облысы – еліміздің негізгі аграрлық аймақтарының бірі. Бүгінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша облыста 1 трлн 86 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.
Сонымен қатар, биыл егіс алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарды құрады. Егіс құрылымындағы негізгі көрсеткіштер де айтарлықтай өскен:
-дәнді дақылдар – 342 мың гектар (9 мың гектарға артқан),
-майлы дақылдар – 73 мың гектар (2,4 мың гектарға артқан),
-мақта – 144,5 мың гектар (38 мың гектарға артқан).
Бұл деректер өңірдің аграрлық бағыттағы тұрақты дамуын айқын көрсетеді.
Түркістан облысы республика көлемінде бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша көш бастап тұр. Атап айтқанда:
-өндірілген мақтаның 100 пайызы,
-жүзімнің 82 пайызы,
-бақша өнімдерінің 75 пайызы,
-жеміс-жидектің 40 пайызы,
-көкөністің 30 пайызы,
-жүгерінің 27 пайызы осы өңірге тиесілі.
Осындай жоғары көрсеткіштер жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорынның дәл осы өңірде орналасуының экономикалық тұрғыдан толық негізделгенін көрсетеді.
Жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» кәсіпорны – Түркістан облысының ғана емес, тұтас еліміздің агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық жоба. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде емес, дайын, бәсекеге қабілетті өнім ретінде сатуға жол ашады.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба ауылды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспортты ұлғайту және ұлттық экономиканы әртараптандыру жолындағы нақты қадамдардың бірі болып табылады.
