Home Ауыл шаруашылығы ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫНА 70 ТОННАҒА ЖУЫҚ БИДАЙ ЖЕТКІЗІЛДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫНА 70 ТОННАҒА ЖУЫҚ БИДАЙ ЖЕТКІЗІЛДІ

Daismedia.kz

Түркістан облысы еліміздегі мал шаруашылығы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі ретінде Республика көлемінде айрықша орынға ие. Табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығы, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық дәстүрі және мемлекеттік қолдаудың жүйелі жүргізілуі өңірде мал басының тұрақты өсуіне мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде облыс аумағында жалпы 6,6 миллион бас мал тіркелген. Бұл көрсеткіш жыл сайынғы өсім динамикасының оң бағытта екенін аңғартады. Атап айтқанда, ірі қара мал саны 1 млн 78 мың басқа жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 135,3 %-ға артқан. Қой-ешкі саны 4 млн 368 мың басты құрап, 101,3 % өсім көрсетсе, жылқы саны 475,3 мың басқа жетіп, 115,6 %-ға ұлғайған. Ал түйе саны 39,5 мың басты құрап, 103,8 % деңгейінде артқан. Бұл – өңірдегі мал шаруашылығы саласының тұрақты дамып келе жатқанын көрсететін нақты көрсеткіштер.

Мал азығы – қыстан аман шығудың кепілі

Мал басының артуы өз кезегінде жем-шөп қорын жеткілікті көлемде дайындауды талап етеді. Осыған орай, 2025–2026 жылдардағы мал қыстату науқанынан сәтті шығу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Түркістан облысы үшін 5,2 миллион тонна мал азығын дайындау жоспары бекітілген болатын. Аталған жоспар толық көлемде орындалып, қажетті мал азығы уақытылы жиналды.

Дайындалған мал азығының құрылымына тоқталсақ:
376,3 мың тонна сабан,
236,6 мың тонна пішендеме,
4 млн 380,3 мың тонна шөп,
206,6 мың тонна сүрлем қамтылған.

Бұл қор облыстағы мал шаруашылығы субъектілерінің қыс мезгілінде малды толыққанды азықтандыруына жеткілікті.

Шаруаларға нақты қолдау: арзан жем жеткізу
Қазіргі таңда облыс көлемінде мал азықтық қорды толықтыру және алдағы қыс маусымында мал басын сақтау мақсатында бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Соның ішінде, «ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы облыс шаруаларына мал азықтық жемді төменгі бағамен тікелей жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, өңірдегі агроқұрылымдарға бидай нарықтағы бағадан 20–30 пайызға төмендетіліп, шамамен 90 теңгеден сатылуда. Бұл – шаруалар үшін елеулі қолдау, себебі жем-шөп бағасының тұрақтануы мал өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Қысы қатал аудандарға басымдық
Табиғи ерекшелігіне байланысты қысы қатал Созақ ауданына ерекше назар аударылуда. Аталған ауданның шаруаларына 500 тонна мал азықтық бидай жеткізу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 68 тонна бидай жеткізілді. Алдағы уақытта бұл жұмыс толық көлемде жалғасын табады.

Сонымен қатар, келесі кезеңде мал азықтық бидай Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Ордабасы, Сайрам және Сауран аудандарының шаруаларына кезең-кезеңімен жеткізілмек. Бұл – облыс аумағындағы барлық шаруашылықтардың қысқы маусымға бірдей дайындалуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шара.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мал басының тұрақты өсуі, жем-шөп қорының жеткілікті көлемде дайындалуы және шаруаларға көрсетіліп жатқан нақты қолдау шаралары өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайта түсуде. Бұл өз кезегінде ауыл халқының әл-ауқатын арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосатыны сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment