Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең қастерлі әрі маңызы зор мерекелердің бірі. Осы айтулы датаға орай, 16 желтоқсан күні 2011–2012 және 2014–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен «Төле би спорт клубы» КММ-нің ашық біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.
Ашық біріншілік жасөспірімдер арасында еркін күре спортын кеңінен дамыту, болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларды анықтау, олардың шеберлік деңгейін арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілді. Сонымен қатар, жарыс арқылы Тәуелсіздік мерекесінің тарихи маңызы мен елдік құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру көзделді.
Жарысқа өңірдің әртүрлі спорт мектептері мен клубтарынан келген жас балуандар қатысты. Әр салмақ дәрежесінде өткен тартысты белдесулерде спортшылар өздерінің физикалық дайындығын, техникалық шеберлігін, төзімділігі мен қайсар мінездерін айқын көрсете білді. Кілем үстіндегі әрбір белдесу жас балуандардың жеңіске деген жігерін, табандылығын және спортқа деген сүйіспеншілігін байқатты.
Біріншілік барысында спортшылар арасында өзара құрмет пен спорттық әдебінің сақталуы, әділ төрешілік пен жоғары ұйымдастырушылық деңгей ерекше атап өтуге тұрарлық. Жаттықтырушылар мен жанкүйерлер жас балуандарды жігерлендіріп, қолдау білдіріп отырды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың рухын көтеріп, жарыстың көркін аша түсті.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, олар арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды. Жүлдегер атанған жас спортшылар үшін бұл жеңіс – болашақтағы үлкен жетістіктерге бастар алғашқы қадамдардың бірі екені сөзсіз.
Жарысты ұйымдастырушылар ашық біріншіліктің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, мұндай спорттық іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар, олар жасөспірімдерді спортқа баулуда, олардың бойында отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды қалыптастыруда осындай жарыстардың маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
Аталған ашық біріншілік жас спортшыларға тәжірибе жинақтауға, өзара бәсекелестік арқылы шыңдалуға және жаңа белестерді бағындыруға үлкен мүмкіндік берді. Еркін күре – тек күш пен шеберлікті ғана емес, тәртіптілік пен табандылықты талап ететін спорт түрі. Осы жолда жас балуандардың жетістіктері ел спортының болашағы жарқын екенін аңғартады.
