Түркістан облысы, Келес ауданының Жүзімдік елді мекенінде өңір экономикасы үшін маңызды өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, алдағы уақытта мұнда “SunDala” брендімен минералды су және лимонадтық сусындар өндіретін заманауи зауыт өз жұмысын бастамақ. Жобаның жүзеге асу барысын бақылау және алдағы кезеңдерін нақтылау мақсатында Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев өндіріс орнына арнайы іссапармен барып, нысанның қазіргі жағдайымен жан-жақты танысты.
Сапар барысында инвесторлар атынан жобаның жауапты өкілі Төлеби Махамбетұлы зауыт құрылысында атқарылған жұмыстар туралы толық мәлімет берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өндіріс нысанының құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Зауыт ғимараты барлық техникалық және санитарлық талаптарға сай салынған. Сонымен қатар, өндірісте қолданылатын заманауи технологиялық қондырғылар зауыт аумағына жеткізіліп, монтаждау жұмыстарына дайындалуда.
Қазіргі кезеңде мамандар құрал-жабдықтарды орнатуға және іске қосу алдындағы техникалық дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал негізгі технологиялық желілерді орнату және іске қосу үшін Қытай Халық Республикасынан арнайы білікті мамандардың келуі күтілуде. Бұл өз кезегінде өндіріс процесінің халықаралық стандарттарға сай жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында зауыт құрылысының барысы, өндірістік қуаттылығы, өнім түрлері және жобаның келешек даму жоспарлары кеңінен талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Нұрланұлы аталған жобаның Келес ауданы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
— Бұл өндіріс орны ауданымыздың инвестициялық әлеуетін арттыратын ірі әрі маңызды жоба. Зауыт іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, аудан экономикасы жанданып, табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану мүмкіндігі артады. Аудан әкімдігі тарапынан жобаны толық жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Әсіресе, жұмыс күшін жергілікті тұрғындар арасынан тарту және оларды кәсіби тұрғыда даярлау мәселесіне басымдық берілуі тиіс, — деді ол.
Жоба аясында “SunDala” брендімен табиғи минералды су, сондай-ақ сұранысқа ие лимонадтық сусындардың бірнеше түрі өндірілмек. Өнімдер экологиялық таза шикізат негізінде дайындалып, сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болады деп жоспарлануда. Өндірілген сусындар тек ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар экспортқа да бағытталмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба іске қосылған жағдайда, зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл Жүзімдік елді мекені мен оған жақын ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, қосымша қызмет көрсету салаларының дамуына да серпін бермек.
Кездесу барысында инвесторлар тарапынан қойма салу үшін қосымша жер теліміне қажеттілік бар екені де айтылды. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары арнайы жер қорында бос жатқан учаскелермен таныстырып, бұл мәселе бойынша заң аясында тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жалпы алғанда, “SunDala” брендімен минералды су және лимонадтық сусындар өндіру жобасы Келес ауданы үшін жаңа өндірістік бағыттың бастамасы болмақ. Мұндай инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Алдағы уақытта зауыт толық іске қосылып, өнімдері нарыққа шыққанда, “SunDala” бренді отандық сапалы өнімдердің қатарынан лайықты орын алады деп күтілуде.
