Түркістан облысында медицина саласын дамыту, ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін кеңінен енгізу арқылы халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыру басты басымдықтардың біріне айналды. Осы игі бастамалардың нақты нәтижесі ретінде Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Жаңа медициналық нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде әлеуметтік салаға, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Салтанатты шара барысында Нұралхан Оралбайұлы барша жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты тапсырмаларына тоқталды. Президенттің «Бірінші кезекте билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек» деген ұстанымы өңірлік саясаттың өзегіне айналғанын атап өтті.
– Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынның бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Тұрғындардың денсаулығын қорғау – өңір дамуының стратегиялық бағыты. Түркістан облысы бүгінде еліміздегі ең серпінді дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі – Қараспан ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне тапсырып отырмыз. Бұл нысан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Қараспан ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жаңа нысан Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілді.
Жобаның жалпы құны 201 миллион теңгені құрайды. Амбулатория 0,25 гектар аумақта орналасқан, ғимараттың жалпы алаңы – 376,9 шаршы метр. Мұнда 52 медицина қызметкері тұрақты түрде еңбек етеді. Заманауи талаптарға сай салынған медициналық мекеме қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияда тіс дәрігері кабинеті, физиотерапия бөлімі, акушер-гинекология кабинеті, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы жұмыс істейді. Сонымен қатар педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Амбулатория бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады.
Аталған медициналық нысан Қараспан ауылдық округіне қарасты ауылдар мен елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсететін болады. Бұл ауыл тұрғындарының аудан орталығына немесе алыс елді мекендерге сабылмай, өз ауылында сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді.
Жалпы Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 219 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда облыс бойынша 73 медициналық нысанға қажеттілік бар. Бұл мәселені шешу үшін нақты жоспар жасалып, алдағы үш жылда кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген.
Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық ғимараттың мәселесі шешілуде. Сонымен қатар үш аудандық орталық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында өңірге 60 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Нәтижесінде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.
Қараспан ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория – Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір көрінісі. Алдағы уақытта да өңірде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы арта бермек. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді.
