Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өнімдерін шығаратын заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Экологиялық бағыттағы бұл жобаны «PULPSTYLE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады.
Жаңа кәсіпорынның құрылыс жұмыстарының басталуына арналған салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыт капсуласын салу рәсімін өткізді. Аймақ басшысы жобаның өңір экономикасы мен экологиясын дамытудағы маңызын атап өтіп, инвесторлар мен құрылысшыларға сәттілік тіледі.
Аталған жоба өңірде экологиялық таза өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және баламалы, табиғатқа зияны аз өнімдер үлесін арттыруға бағытталған.
– Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік. Инвесторлармен келісіп, импорт алмастыратын тауарларды шығаруға басымдық берудеміз. Сол жобалардың бірі – бүгін іргетасы қаланған «PULPSTYLE» компаниясының бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптама жасау кәсіпорны. Біріншіден, жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылады. Екіншіден, экологияға пайдалы биодырайтын өнімдер шығарылады. Бұл – біздің облысымыздың жаңа өндірістік әлеуетін көрсететін нақты қадам. Осы бастаманы қолға алған инвесторға алғысымды білдіремін. Менің басты мақсатым әрі арманым – Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін толық қамтитын өңірге айналдыру. Ел бірлігі мен ортақ жұмысымыз арқылы бұл дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Себебі Түркістан өңірінің ең басты байлығы – адами капитал мен жұмыс күші жеткілікті. Жаңа кәсіпорын уақтылы ашылып, халықты отандық өніммен қамти берсін! – деген Нұралхан Оралбайұлы жобаны қолдаған инвесторларға алғысын білдірді.
2025 жылдың қыркүйек айында аталған кәсіпорынды іске қосу мәселесі бойынша әлеуетті инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізілген болатын. Келіссөздер нәтижесінде бір рет қолданылатын, экологиялық талаптарға сай биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өнімдерін өндіру жобасын жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру барысында өңір тұрғындары үшін 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға оң ықпал етпек.
Қазіргі таңда өндіріс процесіне қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтар толық көлемде жеткізіліп, тиісті кедендік рәсімдерден өткізілді. Өндіріс нысаны инженерлік-инфрақұрылым желілерімен, атап айтқанда электр энергиясы, су, газ және басқа да қажетті коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген. Жобаны іске қосу кестесіне сәйкес, өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында инвестиция тартуға қолайлы және тұрақты инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында облыс аумағында 20 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бүгінде индустриалды аймақтарда жалпы құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Аталған жобалардың нәтижесінде 6 361 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Қазіргі уақытқа дейін бұл бағытта 39 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 50 жоба толық іске қосылды. Соның нәтижесінде 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 211,8 млрд теңгені құрайтын 28 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңір экономикасының әртараптандырылуына және экспорттық әлеуеттің артуына зор үлес қосуда.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында шағын өндірістік парктер іске қосылды. Аталған аймақтарда кәсіп бастауға қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған, сондай-ақ мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл шаралар өңірде жаңа өндірістердің ашылуына, инвестициялық белсенділіктің артуына және халықты тұрақты жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне мүмкіндік беріп отыр.
