Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ елді мекенінде заманауи ашық және жабық үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы бастама көтерген болатын. Бұл акция елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы акция аясында ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Ашылып отырған спорт кешенінде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі – заманауи спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға берілді. Аймақ тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу рәсіміне облыс басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, сала ардагерлері, спортшылар және ауыл ақсақалдары қатысты.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінің ел болашағы саналатын жастарды спортқа баулудағы маңызына тоқталды. Ол бұл нысан бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, шара барысында еліміздің мерейін әлемдік ареналарда асқақтатқан танымал спортшылар – боксшы Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және Шынболат Райханов жаңа спорт кешеніне жоғары баға берді. Әлем чемпиондары мұндай нысандардың өңірлерде көптеп салынуы жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Облыс әкімі ауыл ақсақалдарымен және құрметті қонақтармен бірге спорт кешенінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде ашты. Ашылу рәсімінен кейін қонақтар ғимараттың ішін аралап, жаттығу залдарының материалдық-техникалық базасымен танысты. Әкім жас спортшылармен жүздесіп, олардың армандары мен мақсаттары туралы сұрап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Кездесу барысында аймақ басшысы бұқаралық спортты дамыту өңір саясатының басым бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті.
Жаңа спорт кешенінің құрылысын «VERTEX BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. Кешен 2,83 гектар аумақты алып жатыр, ал ғимараттың жалпы ауданы 1720 шаршы метрді құрайды.
Нысанның ішкі бөлігінде күрес залы, бокс залы, заманауи талаптарға сай жабдықталған тренажер залы және жабық футбол манежі орналасқан. Бұл залдарда спортшылар жыл мезгіліне қарамастан тұрақты түрде жаттығу жүргізе алады. Ал кешеннің сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол және жеңіл атлетика алаңдары салынған. Сонымен қатар, «street workout» (көше жаттығулары) құрылғылары мен балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылып, тұрғындардың барлық жас санатына қолайлы жағдай жасалған.
Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол бағыттары бойынша спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Бұл секцияларға 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде қатысып, кәсіби бапкерлердің жетекшілігімен жаттығуда. Жаңа нысанның іске қосылуы нәтижесінде 10 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізді.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланса, қалған 10 нысанның құрылысы 2026 жылы толық аяқталады.
Жаңа спорт кешенінің ашылуы – өңірде салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарды спортқа тартуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған нақты қадамдардың бірі. Бұл нысан алдағы уақытта ауыл мен қала жастарының басын қосатын, таланттардың шыңдалатын орталығына айналатынына сенім мол.
