Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІНДЕ АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАУЫП, ЖЕТІСАЙДАҒЫ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІНДЕ АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАУЫП, ЖЕТІСАЙДАҒЫ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

Daismedia.kz

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Мақталы ауылдық округіне қарасты Тың елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған салтанатты шараға қатысты. Аймақ басшысы тұрғындарды елді мекен үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаның іске қосылуымен құттықтап, бұл бастама халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам екенін атап өтті.

Сапар барысында облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу кезінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелер көтеріліп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Нұралхан Көшеров халықпен ашық диалог орнатып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқанын, ал бірқатары бойынша тиісті жұмыстар жоспарланғанын жеткізді.

Сонымен қатар, өңірде табиғи газ, ауыз су, жол және өзге де әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру облыс басшылығының басты назарында екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Кездесу соңында тұрғындар атқарылып жатқан істерге ризашылықтарын білдіріп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.

– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте жиналып тұрмыз. Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапарымда өздеріңізбен жүздесіп, Тың ауылын табиғи газға қосқалы отырмыз. Бұл мәселе биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген еді. Мәселе шешімін тауып отыр. Біз облысымыздың елді мекендерін газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2025 жылы 46 жобаның құрылысы аяқталады. Газдандыру деңгейін 75 пайызға ұлғайтып, 606 елді мекен көгілдір отынды пайдаланатын болады. Оның ішінде соңғы үш жылмен салыстырғанда бір ғана Жетісай ауданын табиғи газбен қамту көрсеткіші 22 пайызға артты. Бұл жұмыстар облысымыздың басқа аудандарында да жүргізілуде. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әр шаңыраққа жылу, береке, амандық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысы аудан ақсақалдары және жергілікті тұрғындармен өткен кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған бірқатар маңызды бастамаларға кеңінен тоқталды. Соның ішінде облыста мақта кластерін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ерекше атап өтілді. Аймақ басшысы мақтаны тек өсірумен шектелмей, оны терең өңдеу, дайын өнім шығару және тігін өнеркәсібін дамытуға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру жоспары бар екенін жеткізді. Бұл бағытта жаңа технологияларды енгізу, заманауи әдістерді пайдалану арқылы өнімнің сапасы мен өнімділігін арттырудың маңыздылығы айтылды. Мұндай кешенді тәсіл өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта аталған елді мекенде газдандыру жұмыстары биылғы жылдың мамыр айында басталып, қазан айының соңында толық аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 миллион теңге қаржыға жалпы ұзындығы 7,9 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылды. Оның ішінде 0,9 шақырымы жоғары қысымды, ал 7 шақырымы төмен қысымды газ желілеріне тиесілі. Халқы 942 адамды құрайтын шағын ауылда қазіргі таңда 133 абонент табиғи газға қосылған. Бұл тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып, күнделікті өміріне айтарлықтай жеңілдік әкелуде.

Айта кету керек, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде ауданға қарасты 105 елді мекеннің 93-і көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жеткен. Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл тағы 14-ші елді мекен көгілдір отынға қосылып отыр. Ал жыл соңына дейін қосымша 6 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта аудан халқының тұрмыс сапасын одан әрі арттыруға серпін бермек.

You may also like

Leave a Comment