Түркістан қаласында Энергетиктер күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиын барысында өңірдің энергетика саласында табанды еңбек етіп жүрген білікті мамандарға ерекше құрмет көрсетіліп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан үздік еңбеккерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Мерекелік шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде энергетика саласының өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, энергетиктердің тынымсыз еңбегі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, өндіріс пен инфрақұрылымның тұрақты дамуына зор ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында сала ардагерлері мен жас мамандардың еңбегі ерекше аталып, олардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне жоғары баға берілді. Марапатталған азаматтарға алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталып, болашақта да ел игілігі жолында аянбай еңбек ете берулеріне тілектестік білдірілді.
– Құрметті энергетика саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Cіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Энергетика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, жаңа қуат көздерін дамыту – негізгі стратегиялық міндет екенін атап өтті. Энергетика – өңірдің тұрақты дамуын айқындайтын маңызды бағыт. Облыста бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Өңірлерге жарық пен жылудың үздіксіз берілуі, өндіріс орындарының қалыпты жұмыс істеуі, әлеуметтік нысандардың толыққанды қызмет атқаруы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Сіздердің халыққа жарық пен жылу жеткізу жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайықты. Біз бүгін саладағы үздік мамандарды арнайы марапаттайтын боламыз. Бұл – еңбектеріңізге деген шынайы алғыс пен құрметтің айқын белгісі. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз ең жоғары кәсіби қызыметтеріңіздің арқасында өңірімізде энергетиалық қауіпсіздік мен тұрақтылық қамтамасыз етіліп келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Мерекелік шарада Зұлпыхар Жолдасов өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек адамын марапаттады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалі, «Еңбек сіңірген энергетик» және «Құрметті энергетик» төсбелгілері саланың үздік мамандарына табыс етілді. Сонымен қатар, саладағы табысты еңбеккерлер Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және облыс әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Түркістан облысы мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар азаматқа Облыс мәслихатының Грамотасын табыс етті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының міндетін атқарушы Роза Сариева сала мамандарына алғысын білдіріп, үздік еңбек етіп жүрген азаматтарды басқарманың Алғыс хатымен марапаттады.
Марапат алғандардың арасында электргаз дәнекерлеушілері, инженерлер, тас қалаушылар, менеджерлер, қосалқы станция қызметінің аға шеберлері, сылақшы-бояушылар, электрослесарьлар, операторлар сияқты түрлі мамандық иелері бар.
Түркістан облысында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биыл Төлеби және Жетісай аудандарында инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған 110 киловольттық «Алатау» және «Жетісай» қосалқы станциялары іске қосылды. Сонымен қатар Ордабасы және Түлкібас аудандарында 220 киловольттық «Бадам» және «Химкомплекс» қосалқы станцияларының құрылысы жүргізілуде. Жақында Сауран ауданында қуаты 300 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы басталды.
Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС биылғы жылы инвестициялық бағдарламаға сәйкес 6 дана 110-35 кВ-тық қосалқы станцияны жаңғыртып, 357 шақырым электр желісі мен 89 трансформатор қондырғысын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде.
Осылайша, Түркістан облысында энергетика саласы мен инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі шаралар атқарылып, өңірдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосылуда.
