Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТОРЛАРҒА АШЫҚ

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТОРЛАРҒА АШЫҚ

Daismedia.kz

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Eurasia Group AG» компаниясының Бас операциялық директоры әрі «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Бас директоры Сергей Глоккені қабылдады. Кездесу барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру, жаңарту және оларға сервистік қызмет көрсету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесуде облыс әкімі Түркістан өңірі инвесторлар үшін ашық екенін атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобаларды іске асыруға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, аграрлық сектор – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері болып саналады.

– Біз бұған дейінгі келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз және серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Ауыл шаруашылығы –Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда біздің өңір Қазақстанда аграрлық өнім шығарудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. Өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жаңарту мәселесі біз үшін маңызды. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін өте қолайлы. 2025 жылы Түркістан облысында жалпы өнім көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді. Өңірде индустриялық аймақтар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдар бар. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, сондай-ақ салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет есебінен шағын өнеркәсіптік ғимараттар салынып, инвесторларға жалға берілуде. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге сіздерге қажетті мамандарды даярлау үшін облыстағы колледждердің әлеуетін пайдалануды ұсынамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы техникаларына жүргізілген талдау қорытындыларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Жобаларын таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын шығару және оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы бастамалары жемісті боларына сенім білдірді.

Айта кетейік, «Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін жетекші қазақстандық компаниялардың бірі. Компания 2002 жылы құрылған, бүгінде 500-ге жуық қызметкері бар. «Eurasia Group Kazakhstan» ауыл шаруашылығы техникасы мен бірегей қосалқы бөлшектерді көтерме жеткізумен қатар, сервистік сүйемелдеу, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, агроменеджмент қызметтері, техника операторларын оқыту, сондай-ақ егіншілік саласына арналған цифрлық шешімдерді ұсынады. Қазіргі таңда компанияның Қазақстан аумағында 14 өкілдігі табысты жұмыс істеп келеді.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды нақты іске асыруға дайын екендіктерін растады.

You may also like

Leave a Comment