Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған ресми делегация Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында екі елдің су саласына жауапты басшылары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге күллі түркі жұрты үшін қасиетті саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасады.
Зиярат барысында мәртебелі меймандар қазақ даласында ислам өркениетінің қалыптасуы мен рухани құндылықтардың нығаюына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшыл, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Қонақтар еліміздің амандығы мен тыныштығы, халықтар арасындағы достық пен бауырластықтың беки түсуі, ел бірлігі мен берекесінің артуы, сондай-ақ ұлт руханиятының нығаюы жолында ақ тілектерін арнады.
Бұл зиярат екі ел арасындағы тек экономикалық және салалық әріптестікпен ғана шектелмей, ортақ тарих, мәдениет және рухани мұра негізінде қалыптасқан достық байланыстардың тереңдігін айқындай түсті. Түркістан – ғасырлар бойы түркі әлемінің рухани астанасы саналып келген қасиетті мекен. Сондықтан мұндай ресми сапарлардың дәл осы киелі қалада өтуі ерекше мәнге ие.
Ресми іссапар аясында Өзбекстан Республикасының делегациясы Түркістан қаласындағы бірқатар туристік және тарихи нысандарды аралап, өңірдің туристік әлеуетімен танысты. Қонақтарға қаланың инфрақұрылымдық дамуы, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бірегей тарихи-рухани кешен. Бұл қасиетті орынға келетін туристер мен зияратшылар саны жыл сайын артып келеді. Түркістан тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен түркі әлемі үшін маңызды рухани орталыққа айналып отыр.
Сонымен қатар, өткен жылы арнайы заң қабылданып, Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Бұл тарихи шешім шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени және туристік әлеуетінің артуына тың серпін берді. Қалада жаңа жобалар жүзеге асырылып, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда.
Өзбекстан мен Қазақстан делегациясының Түркістанға жасаған бұл сапары екі ел арасындағы өзара сенімге, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге және ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.
