Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАР ҚАРАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАР ҚАРАЛДЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысында өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды әрі маңызды жаңа жобалар талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісінде аймақтың сәулеттік келбетін жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және туристер үшін тартымды орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар қаралды.

Кеңес жұмысына салалық басқарма басшылары, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, қала және аудан әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлар қатысты. Жиында өңір басшысы әрбір ұсынылған жобаны егжей-тегжейлі саралап, мамандардың пікірлері мен сараптамалық қорытындыларын тыңдады.

– Арнайы экономикалық аймақта салуға ұсынылған жобаларды қолдаймыз. Бірақ жауапты басқарма мен мамандардың сараптауынан өтуі тиіс. Егер құрылыс уақтылы басталмаса, жер қайтарып алынады. Аудандардың сәулетін жақсарту, абаттандыру жайлы кеңістік қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарды да терең талдап, уақтылы жүзеге асыруды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Күн тәртібіне, өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған 13 мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданы көшелерін және «Рамадан» каналы бойын абаттандыру жобалары, Көктерек кентінің даму концепциясы мен санаторий орталығының жобасы қаралды.

Сондай-ақ, Отырар ауданының сәулеттік келбеті мен инвестор есебінен салынуы жоспарланған кешенді жоба қаралды. Оның ішінде Отырар қалашығын орта ғасырдағы үлгісіне сай етіп салып, туристер тарту жобасы ұсынылды. Ал тағы бір инвестор Отырар ауданынан шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы мен ежелгі Отырар кітапханасы аңызын жандандырып, кітапхана мен мұражай салып, арнайы туристік орталық ұйымдастыру жобасын жүзеге асыруға ниет білдірді.

Сонымен бірге, Отырар мен Сауран арасында саяхатшылар үшін түйе керуенін үйлестіру жоспарын да баяндады. Бұл жоба зерделеніп, жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынатын ресторан, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені мен қонақүй жобалары, медициналық туризм нысаны, Түркістан қаласындағы «қала ішіндегі қала» ұсынысы назарға алынды.

Оған қоса Түркістандағы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру және 20 ғасырға тесілі көне ғимараттарын реттеп, туристік орталықтарға айналдыру мәселесі де сөз болды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебаев ұсынылған жобаларға қатысты ақпарат беріп, инвестициялық әлеуеті мен қала инфрақұрылымына ықпалына назар аударды.

Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев баяндама жасап, қалалық кеңістікті кешенді дамыту бағытындағы ұсыныстарды таныстырды.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар беріп, сәулеттік талаптардың қатаң сақталуына, заманауи шешімдер мен ұлттық нақыштың үйлесім табуына, сондай-ақ тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы, сапалы әрі тартымды орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

You may also like

Leave a Comment