Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫН РЕТТЕУ, ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫН РЕТТЕУ, ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Daismedia.kz

Түркістан облысында соңғы жылдары қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі айтарлықтай өзекті болып отыр. Облыс аумағында 128 қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон бар, олардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Оның ішінде 35-і аудандық болса, 40-ы ауыл округінде орналасқан. Ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы мәселені шешу үшін нақты шаралар мен ұсыныстар талқыланды.

Полигондарды оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров, аудан және қала әкімдеріне полигондарды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келтіру және оларды оңтайландыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Оның айтуынша, облыс бойынша полигондардың көпшілігі қазіргі таңда экологиялық талаптарды сақтамайды, сондықтан оларды қайта құрылымдау және экологиялық нормаларға сай ету аса маңызды. Әкімнің тапсырмасы бойынша, полигондардың саны қысқартылып, олардың орналасуы мен техникалық жағдайы жақсартылуы тиіс.

Жауапты органдарға, сондай-ақ, сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың жұмысын бақылауды күшейту және бей-берекет қоқыс орындарын жою бойынша жұмыстарды арттыру тапсырылды. Бұл бағытта аудандық және қалалық әкімдіктер жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қосымша шаралар қабылдауға міндеттелді.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру керек. Аудан, қала әкімдіктері сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарын алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Жауапты басқарма полигондарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлесін. Ал аудан, қала әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы қажет, – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы осы бағыттағы жұмысты дұрыс атқармай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, уәждерін тыңдады. Нақты міндеттер жүктеді.

Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 10 айдың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру үшін арнайы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы 3 полигонның құрылысына облыстық бюджеттен 598 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоспарға сәйкес биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33-і жабылуы тиіс еді. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған.

Сондай-ақ 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 537,7 млн. теңге.

Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі, қайта өңдейтін 3 қондырғы қою көзделген. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотогын дайындайтын қондырғысын алуда.

«Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша, қалдықтардың қайта өңдеу үлесі 2025 жылға 31 пайызға жеткізу бекітілген. Биылғы жылдың 10 айымен 30%-ға орындалды. Келесі жылы қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 33%- ға жеткізу жоспарланып отыр.

Бей-берекет қоқыс орындарына қарсы күрес
Түркістан облысында бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында жаңа технологиялар мен әдістер қолданылуда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының спутник түсірілімдері арқылы облыс аумағында 249 бей-берекет қоқыс орны анықталды. Бұл қоқыс орындары негізінен 16 ауданға таралған. Бүгінде осы орындарда толық тазалау жұмыстары жүргізілді. Тазалау жұмыстарының нәтижесінде экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында көптеген қоқыс жиналып, өңдеуге жіберілген.

Түркістан облысы қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды шараларды қолға алуда. Облыс әкімінің тапсырмалары бойынша полигондар мен қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңарту, экологиялық талаптарды қамтамасыз ету жұмыстары жеделдетілмек. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және қоршаған ортаның ластануын азайтуға ықпал етеді.

You may also like

Leave a Comment