Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІНІ: АУҚЫМДЫ ҚҰРЫЛЫС ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІНІ: АУҚЫМДЫ ҚҰРЫЛЫС ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

Daismedia.kz

Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігіндегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, халқы тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Аумағы 116,1 мың шаршы шақырымды құрайтын облыста облыстық маңызы бар 3 қала, 14 аудан және 836 елді мекен бар. Өңір халқының шамамен 74 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды дамыту, инженерлік желілермен қамту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын арттыра түседі.

Инфрақұрылым – өңір дамуының басты тірегі

Соңғы жылдары Түркістан облысында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым саласы қарқынды дамып келеді. Елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен, тұрақты электр энергиясымен және сапалы автожолдармен қамтамасыз ету – өңір дамуының негізгі басымдықтары ретінде айқындалған. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей бақылауында.

Аталған бастамалар «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізіліп, стратегиялық маңызы бар міндеттер қатарында жүзеге асырылуда. Партия тарапынан әрбір жобаның орындалу барысы кезең-кезеңімен қадағаланып, жауапты мекемелерге нақты талаптар қойылуда.

Ауыз су – халық денсаулығының кепілі

Облыс әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, бүгінде Түркістан облысы тұрғындарының 98,5 пайызы немесе 2,1 миллионнан астам адам ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда 763 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су жүйелері тартылған.

Биылғы жылы қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су жүйесіне қосылып, тағы 11 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары жаңартылуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде өңір халқын ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, бүгінде ауыз суды кестемен пайдаланатын 192 елді мекеннің мәселесі бар. Бұл түйткіл алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде. Жобалардың іске асуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, санитарлық-гигиеналық жағдайды оңалтуға айтарлықтай үлес қоспақ.

Газдандыру – тұрмыстық қолайлылықтың көрсеткіші

Түркістан облысында табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 563 елді мекендегі 1 миллион 834 мың тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жалпы қамту деңгейі – 85,5 пайыз.

Биыл қосымша 37 елді мекенге газ құбырларын тарту жоспарланған. Жыл қорытындысымен газбен қамтылған халық саны 1 миллион 900 мың адамға жетіп, бұл көрсеткіш 88,9 пайызды құрайтын болады. Ал газ тұтынатын елді мекендердің саны 600-ге дейін артады.

Газдандыру жұмыстары тек тұрмыстық қолайлылықты арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға, отын шығынын азайтуға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге ықпал етуде.

Электр жүйесі мен жол сапасы – тұрақты дамудың негізі

Соңғы екі жылда облыс аумағындағы 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, тұрғындар сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға және әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне оң әсерін тигізіп отыр.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл облыс бойынша 289 нысанда немесе 1 236 шақырым автожолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 951,4 шақырым жол пайдалануға беріліп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,7 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

Партиялық бақылау – сапалы нәтижеге кепіл

«AMANAT» партиясы Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан барлық инфрақұрылымдық жобаларды тұрақты бақылауда ұстап келеді. Партияның басты мақсаты – өңір тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Алдағы кезеңде де жол картасында белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы жүйелі түрде қадағаланатын болады. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңір халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар ретінде өз нәтижесін бермек.

You may also like

Leave a Comment