Түркістан қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Turkestan Night Run – 2026» атты алғашқы түнгі жүгіру марафоны жоғары деңгейде өтті. Бұл жоба жай ғана спорттық жарыс емес, Ұлы Жібек жолының тарихи рухын заманауи форматта жаңғыртқан ерекше мәдени-спорттық фестиваль ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты ұраны – «Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің» – қатысушыларға ежелгі керуендердің символикалық сапарын сезінуге мүмкіндік берді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жиналған қауымды құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, бұл – бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын дәріптеудің мерекесі. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелден келген кәсіби атлеттер мен әуесқой спортшылар бас қосуда.
Түркістан төрінде осындай ауқымды іс-шараның өтіп жатқанына қуаныштымыз. Марафон арқылы бұқаралық спорт дамып қана қоймай, қаламыздың туристік және спорттық әлеуеті де кеңінен таныстырылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.
Жарыс кешкі уақытта басталып, Түркістан көшелері ерекше атмосфераға бөленді. Арнайы жарық безендірулері, музыкалық сүйемелдеу және театрландырылған көріністер қалаға мерекелік сән берді. Жүгіру бағыты бойында «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» секілді тақырыптық аймақтар құрылып, әрбір кезең тарихи сапардың мазмұнын ашты.
Халықаралық деңгейде өткен марафонға шамамен 3 мың адам қатысты. Оның ішінде алты елден келген 70 шетелдік спортшы және Қазақстанның түрлі өңірлерінен жиналған жүздеген әуесқой мен кәсіби жүгірушілер бар. Жалпы іс-шара аясында 5 мыңнан астам адам жиналып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мерекелік көңіл күй қалыптасты. Қатысушылар 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтарда өзара бақ сынасты.
Кеш барысында көрермендерге арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, би сайыстары, викториналар және балаларға арналған белсенді демалыс аймақтары жұмыс істеді. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
«Turkestan Night Run – 2026» – спорт, мәдениет және тарихты тоғыстырған мазмұнды жоба. Бұл бастама Түркістанды халықаралық деңгейдегі спорттық әрі туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған және болашақта дәстүрлі шаралардың біріне айналуы әбден мүмкін.
