Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

Daismedia.kz

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының шынайы заңғары, ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай «Түнгі кітапхана» жобасы аясында «Тула жүрек» атты ерекше поэзия кеші өтті.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – Мұқағали поэзиясын заманауи форматта насихаттау, оқырман жүрегіне жол табу және жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Ақынның шығармалары тек әдебиет пәнінің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар әрбір қазақ жүрегіне рухани азық беретін шынайы өмір шындығы мен махаббат, туған жерге деген сағыныш сезімін бойына сіңірген баға жетпес мұра болып табылады.

Кеш әсерлі қойылыммен ашылып, қатысушылардың назары бірден поэзияның терең әлеміне ауды. Кештің жүргізушісі – ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жоланов, іс-шараның рухани мәнін терең жеткізді.

Шара барысында Мұқағали Мақатаевтың сыршыл, терең ойлы өлеңдері оқылды. «Болашақ» колледжінің студенттері мен «Ұлттық ұлан» 5574 әскери бөлімінің сарбаздары өздері арнайы дайындаған шығармаларын мәнерлеп орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың поэзия кешіне қатысуы шараның мазмұнын байытып, олардың рухани дамуына және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Кештің тағы бір ерекшелігі – ашық микрофон форматында еркін пікір алмасу. Қатысушылар Мұқағали шығармашылығындағы адам, махаббат, өмір және туған жер тақырыптары төңірегінде өз ойларын білдіріп, ақынның поэзиясын әртүрлі қырынан түсінуге мүмкіндік алды. Бұл формат оқырман мен өнер адамы арасындағы байланысты нығайтып, поэзияның тек сөз емес, ой мен сезімге негізделген рухани тәжірибе екенін дәлелдеді.

Мұқағали Мақатаев шығармашылығы жастардың рухани дүниесін байытып, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Кеш барысында жастар ақынның өмірі мен шығармашылығына терең бойлап, қазақ поэзиясының өзектілігі мен мәңгілігін сезінді. Әскери қызметтегілердің қатысуы шығармаларды орындаудағы жаңа тәжірибе мен шабыт сыйлап, олардың өз сезімдерін сөз арқылы жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтті.

Кеш соңында кітапхана директоры Жанат Сәдәбекқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық қонақтарға, қатысушыларға және кітапхана ұжымына алғысын жеткізді. Ол «Түнгі кітапхана» жобасының маңызды миссиясы – әдебиет пен мәдениет арқылы қоғамның рухани дамуына ықпал ету екенін атап өтті.

Алдағы уақытта бұл жоба жалғасын табады деп күтілуде. Түнгі тыныштықта өтіп, жыр мен ойды тоғыстырған мазмұнды кештер оқырман қауымды рухани байыта бермек. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы арқылы жас ұрпаққа әдебиет әлемінің тереңдігін таныту, рухани білім мен патриоттық сезімді қалыптастыру – осындай мәдени шаралардың басты миссиясы болып отыр.

Мұндай поэзия кештері тек әдеби мұраны сақтау ғана емес, сонымен қатар жастар мен әскери қызметкерлердің рухани дамуына, олардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, жалпы қоғамдағы мәдени сананы арттыруға зор үлес қосып отыр.

Айта кетейік, Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді.

Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген Мұқағали шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, одан кейін бір шоғыр жыры Ә.Тәжібаевтың сәт сапар тілеген сөзімен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған. Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған. Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да «Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана» деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.

Қырық бес жасында қайтыс болған соң, Мұқағалидың екінші өмірі — өлмес ғұмыры басталды. Ақынның артында қалған мол мұралары оқырманның қолдан-қолға түспей, іздеп жүріп оқитын шығармаларына айналды.

Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали «Жан азасы» (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, «Райымбек, Райымбек!» дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді. М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген. Туған жерге, туған елге, халқына, Отанына деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Сондай ел арасындағы танымал шығармаларының бірі

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
Мені мұндай бақытты жаратар ма?!
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Адамның басында үш бақыт бар дейді ақын. Бірінші бақыт – халық. Халық – әр адамның қоғамдық ортасы. Әр адам соған қарап «бойын жинайды, сөзін түзейді». Халықтан асқан дана жоқ, жақсылығын да жаманшылығын да ел-жұртымен еркін бөліскен. Әділ бағасын да халық беріп отырған. Қазіргі кезде де халық үніне құлақ асатын мемлекетпіз. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп айтылған ҚР Конституциясында, ал халқымыздың үміт артары, өлкемізді көркейтіп жасартатын да біз, жас ұрпақ. Халық игілігі үшін еңбек етіп, қызмет жасауымыз керек.

Ал екінші бақытым – тілім менің, — деп жырлайды ақын. Тіл құрыса, халық та жер бетінен жоғалады емес пе?! Бүгінгі таңда тілімізге деген құрмет жоғалған жоқ. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет» деп, атап өтті Қазакстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев. Тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермегендерге үндеу тастады өз мақаласында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев.

Ақынның үшінші бақыты ол – Отан. Мұқағалидың Отан туралы ыстық сөздері біздің санамызға адамзат баласының асылы да, ардақтысы да, қуанғанда сүйсінері де, қысылғанда сүйенері де туған жері – өз Отаны екенін жеткізді. Бұған осындай сын сағатта (індет кезінде) ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылғаны дәлел. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болып, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені байқалды. Бұл – Отанға деген сүйіспеншілік емес пе?! Әр қазаққа берілген бұл үш бақытты бағалау біздің міндетіміз. Мұқағали өмірден кетсе де, өлеңдері өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін.

You may also like

Leave a Comment