Құрманбек Жандарбеков 1905 жылы Шымкент уезінің Ақсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Жандарбек әнге де, айтысқа да ұста, сегіз қырлы бір сырлы кісі болса керек. Алған жары Шимене әрі әнші, әрі ақын деседі. Ән мен күй, жыр-думаннан арылмайтын отбасында тәрбиеленген бала Құрмаш бес жасынан өлең айтып, домбыра тартады.
Құрманбек Жандарбеков- кәсіби театр өнерінің ізашары. Қазақ өнерінің қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі. Құрманбек Жандарбеков жайлы ой толғағанда өнер иесінің табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегіне таңғаласыз.
1916 жылы әкесі Жандарбекті патшаның жарлығымен әскерге алғанда немере інісі Әбдікәрім Құрманбек пен жеңгесі Шименеге қамқор болады. Құрманбек ағасының серілігі мен тапқыр да өткірлігіне тәнті болып еліктеп өседі.
Жиырмасыншы жылдары Тәшкент қаласында халық ағарту институтында оқи жүріп, Құрманбек көркемөнерпаздардың драма үйірмесіне үзбей қатысады. «Шығыс кештері» деп аталатын үйірменің атағы жер жарып тұрған кезі. Құрманбек осы үйірменің ұйымдастырушысы ретінде «Біржан-Сара» айтысы бойынша режиссерлық қойылым жасап, зор табысқа жетеді. Сараның ролін Үрия Тұрдығұлова ойнайды. Ташкент шаһарында өтетін сауықкештің көрігін қыздырып, Құрманбек би билеп, оркестрге қосылып ән салып көпшілік қошеметіне бөленеді.
Институтты ойдағыдай бітірген өнерлі жігіт Шымкентке келіп Губкомның тапсырмасымен ән-күй кешін ұйымдастырады. Бұл кеште «Құрманбек Жандарбеков жүз бір ән айтады!» -деп хабарланады.
Құрманбек алпыстан аса ән салғаннан кейін тамағынан қан сау ете түседі. Сөйтсе, дауыс пердесінің бір тамырын зақымдаған екен. Аспандағы аққуға үн қосқан сыңғыр үн бұрынғыдай бабында болмағанмен, Құрекең ән айтуын тоқтатпайды.
Бірде Қызылордада шығатын «Еңбекші қазақ» газетінде» Қызылордада тұңғыш ұлттық театрдың ашылатыны, оған өзінің де шақырылғаны жайлы оқып таңғалды. Арада уақыт сала ұлттық театр Алматыға қоныс тебеді. Бұл театрдың әртісі әрі режиссеры болып бекітілген Жандарбеков қазақ өнерінің өркендеуіне жан-тәнімен кіріседі.
1928-29 жылдары Құрманбек Мәскеудегі мемлекеттік киноматография техникумында оқиды. Актерлік дарынымен көзге түскен ол қалмақтар өмірінен қойылатын «Князь Сирэн» деп аталатын фильмде басты рольді ойнайды.
1933 жылдың күзінде ашылған Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының іргетасын қалаушылардың бірі болған Құрманбек «Айман-Шолпанда» Көтібар, «Қыз Жібекте» Бекежан, «Ер Тарғында» Тарғын, «Жалбырда» Жалбыр рольдерін ойнап, қайталанбас тұлға ретінде қалыптасады. Әсіресе Мұхтар Әуезовтың « Айман-Шолпан» спектакліндегі Көтібардың ролін Құрманбек ойнағанда өзінің қара күшіне сенген кереғар, арамдықты көздейтін батырдың бет-бейнесін толық ашқанына көрермен куә болады. Жұмат Шаниннің қойған бұл спектаклі 100 рет қойылса да халық театрға сыймай кететін.
Театрға Ленинград консерваториясының түлегі Евгений Брусиловский келіп, Ғабит Мүсіреповтың либереттосы бойынша «Қыз Жібек» операсын жазғанда, бұл спектакль үлкен табысқа ие болады. Қыз Жібекті -Күләш, Төлегенді -Қанабек, Бекежанды — Құрманбек ойнағанда ерекше құбылыс болған деседі. Енді осы жайлы біздің алтын қорымызда сақталған таспадан жазып алынған Құрманбек Жандарбековтың ойын ортаға салсақ:
«О кезінде Бекежан билейтұғын. Сондағы ойнаған құрамда Қанабек-Төлеген, Күләш-Қыз Жібек, Манарбек — Шеге, Үрия Тұрдықұлова -Дүрияны ойнайды және Қамқа болып Төлегеннің шешесінің ролінде ойнайды. Ал Шара болса Тәттімбеттің «Былқылдағын» билеп шығатын»…
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде «Қыз Жібек» спектаклі қойылғанда Құрманбек Бекежанның ролін керемет ойнады. От жалынды, әуенді еске сақтау қабілеті ерекше әнші астана көрермендерін бірден баурап алды.
Бекежанда дала жігітіне тән қасиеттің бәрі бар. Әншілік пен бишілік өнерді бірдей көрсеткен Құрекеңнің дарындылығына көпшілік сол жолы таңғалысты.
Осы сапардан соң Құрманбек Жандарбеков Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. «Ер Тарғын» спектаклін халық музыкасы негізінде Евгений Брусиловский жазған.
Спектакль Тарғынның Данаға деген сүйіспеншілігімен, Тарғынды сүйетін хан қызы Ақжүністің арасындағы драмалық шиеленіспен өрбиді. Спектакльдің либереттосын жазушы Сағыр Камалов жазады. Құрманбек Тарғынның ролін шебер ойнаумен қатар тұңғыш рет режиссерлық қабілетін таныта білді. Сөз репликасы қосылмаған алғашқы опера жайлы тағы да Құрманбек Жандарбековтың бір ауыз сөзі бар:
«Операда образ сомдау, көкейге қонымды мизансцена, мінез-құлыққа лайық қимыл-әрекет әсерлі шығу керек. Осының бәрін ойлап табатын режиссер».
Құрманбек «Біржан-Сара», «Абай» операларының мінсіз шығуына күш-жігері мен білімін жұмсаған құдірет иесі, дарынды режиссер. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының сәтті шығуына байланысты Құрманбек Жандарбеков Мәскеуден берілген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «мыңмен жалғыз алысқан» Абай бейнесін сомдау режиссерге оңайға соқпайды.
Құрманбек Жандарбековтың қазақ кино өнеріне сіңірген еңбегі де айтарлықтай.
Ол «Амангелді» фильмінде Жақас, «Жамбылда» Қадырбай, «Шоқан Уәлихановта» Садық, «Біз Жетісуданбыз» фильмінде Сарымолданың бейнелерін керемет сомдай білді.
Құрманбектің Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында бас режиссер қызметін атқара жүріп, Тахауи Ахтановтың «Қарагөз», Гогольдің «Үйлену», Жұмат Шанинның «Шахта» спектакльдерін шебер қойғаны жайлы сол кездегі баспасөзде талай рет айтылған.
Құрманбектің замандасы Қанабек Байсейітов бір естелігінде: «Қазақ өнерін дамытуда Құрманбек Жандарбековтың араласпаған саласы жоқ. Өнердің алтын діңгегі болған Құрекеңнің бастаған істері, қалдырған мұралары, айтқан әндері мен дөңгеленген билері, жасаған образдары, ақкөңіл де ашық мінезі, нұрлы жүзі мәңгі халықтың есінде» деген болатын.
Өнер жолын қос аққудай бірге бастаған би еркесі Шара мен ән еркесі Құрманбектің мөлдір махаббаты, сахна төріндегі жарасымды жұбы ерекше еді. Араға түскен қаңқу сөздің кесірінен өнер саңлақтары қосылмайтын қос өзендей күй кешті. «Бізді адам айырса да, өмір айырмайды» деп күлетін Құрекеңнің Шараға деген сезімі жүрек сыздатарлықтай аяулы еді. Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлова өзінің естелік жинағында:
«Бір күні хореография училищесіне Құрманбек келді. Жиналыс өткізіп жатыр едім. Көңілсіз екен.
— Мен елге кетіп барам, қоштасайын деп бұрылып ем- деді күрсініп:- Мұнысы несі?- деп таңырқап қалдым. Екі қолымнан ұстап- Қош, Шәкітай, — деп маңдайымнан сүйді де шығып бара жатып: — Сен Болатқа ұрса берме, ол әлі қадірлі адам болады» деп алға адымдап жүре берген. Қимас жанның соңғы рет қоштасқанын сездім бе, жүрегім шым ете түсті — деп жазған екен Шара апамыз….
— Құрманбек Жандарбековтың төл туындылары «Туған елім», «Арнадым» әндері өнер иесінің жүрекжарды сыры десе де болғандай. Ал халықтың «Бозжорға», «Япурай» әндері үлкен сезіммен орындалады.
Бозбала кезінде дауыс шымылдығын үзіп алғаннан ба, Құрманбек әннің шарықтау шегінде қысылып айтатын. Әншіліктен гөрі ұйымдастырушылық, режиссерлық қабілетімен дала әншілері мен актерлерімен классикалық үлгідегі өнер ұжымын құрып, кейінгіге сара жол көрсеткен Құрманбек Жандарбеков елуінші жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда опера класына жетекшілік етіп, шәкірт тәрбиеледі. Профессор деген ғылыми атаққа ие болды.
Табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында аты аңызға айналған саф алтындай өнер иесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтың өмірі мен өнері келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Өткенді еске алып, келешекке кие еткен біз алыстаған сайын асылға айналған бейнені бір сәт көз алдыңызға елестеттік. Бабалар салған жол келер ұрпаққа бағыт берер айқындылығымен ерекше.
Құрманбек Жандарбеков әнші, актер, режиссер, педагог, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі. Қазақстанның халық әртісі (1936). 1918 ж. Ташкент педагогика училищесінде, 1928 — 29 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімінде, 1948 жылы Мемлекктеттік театр өнері институтында оқыған.
1926 — 1934 жылы Қазақ драма театрында, 1934 — 1944 жылы Қазақ музыка театрында (қазіргі Қазақ опера және балет театры) өнер көрсетті. 1944 — 1948 жылы Қазақ опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, 1953 — 1955 жылы директоры, 1949 — 1952 жылы және 1956 — 1959 жылы бас режиссер, ал 1959 — 1961 жылы Қазақ драма театрының бас режиссеры болды. 1961 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы консерваториясында ұстаздық етті (1970 жылдан проф.).
Жандарбековтың өнер жолы көркемөнерпаздар үйірмесінен бастау алады. 1920 жылы Ташкент қаласындағы “Шығыс кештері” деп аталған мерекелік концертте 15 жасар бозбала Жандарбеков І-бәйгені жеңіп алды. Ұ.Мұратбаев оның оқып, білім алуына, әншілік өнерінің қалыптасып, кең қанат жаюына көп жәрдем етті. Жандарбеков шығарманларының елеулі кезеңі 1925 жылы Қызылорда қаласында ұйымдасқан тұңғыш қазақ кәсіби драма театрына келуінен басталды. Ол Қазақ драма театрының артистері С.Қожамқұлов, И.Байзақов, Ә.Қашаубаев бастаған алғашқы өкілдері тобына келіп қосылды. Жандарбековтың бойындағы табиғи дарын, әншілік қабілет театр сахнасында оның тамаша образдар галереясын жасауына мүмкіндік берді. Алғашқы рөлі — М.Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясындағы Сырым(1926). Бұдан кейін “Еңлік — Кебекте” Кебектің, “Бүліншілік” спектаклінде (Д.Фурмановтың шығармасы бойынша) жазушы Фурмановтың рөлін ойнады.
1926 — 1930 жылы режиссер ретінде Әуезовтің “Қарагөзін”, Н.Гогольдің “Үйленуін” (Қожамқұловпен бірге) және Ж.Шаниннің “Шахтасын” қойды. 1927 жылы Мәскеуде өткен этнографиялық концертке қатысты.
Қазақ операларына арқау болған халық әндерін сұрыптауда Е.Г.Брусиловскийге көп көмек көрсетіп, тұңғыш қазақ операларының жазылуына ықпал етті. Ол Бекежан, Тарғын, Жалбыр (Брусиловскийдің “Қыз-Жібек”, “Ер Тарғын”, “Жалбыр” операларында), Тито (З.П. Палиашвилидің “Даисиында”), Ағаларбек (М.М.Магомаевтың “Наргизінде”), Готный (П.И. Чайковскийдің “Евгений Онегинінде”), Ямадари (Дж. Пуччинидің “Чио-Чио-Санында”), т.б. партияларды орындап, актерлік, әншілік шеберлігін әр қырынан танытты.
Жандарбековтың үздік опералық партияларының бірі — “Қыз-Жібек” операсындағы Бекежан. Әнші Бекежанның қиыннан жол табар айла-тәсілдерін, өткір де қызба мінезі мен қайшылыққа толы ішкі жан дүниесін сан түрлі бояумен ашып, әсерлі сомдады. Жандарбеков режиссер ретінде Брусиловскийдің “Қыз Жібек”, “Ер Тарғын”, “Гвардия, алға”, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай”, М.Төлебаевтың “Біржан — Сара” (КСРО Мемлекетінің сыйлығы, 1949), Ж.Бизенің “Кармен”, Қ.Қожамияровтың “Назугум” операларын қойды.
1959-61 ж. Қазақтың М.О.Әуезов атындағы драма театрының бас режиссері болып қызмет етті. 1938 жылдан киноға түсе бастады: Жанас («Аманкелдіде»), Қадырбай («Жамбылда», 1952), Садық («Оның заманы туадыда», 1957), Сары молда («Біз Жетісуданбызда», 1958), Ережеп («Өмір жолында», 1959) т. б. Ол пед. қызметпен де шұғылданды (1949). 1961 жылдан Құрманғазы атындағы өнер институтының опералық даярлық кафедрасының меңгерушісі болды. Жақас (“Амангелдіде”, 1939), Қадырбай (“Жамбылда”, 1953), Садық (“Біз Жетісуданбызда”, 1958), Ережеп (“Өмір жолында”, 1959), т.б. рөлдерде ойнады. Ленин, Еңбек Қызыл Ту және “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған.
1944-48 ж. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік жағын басқарды. 1953— 55 ж. директоры, ал 1949-52 және 1956-59 ж. бас режиссері болды. Мұнда Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Гвардия, алға!», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтің «Біржан — Сара». А.Г.Рубинштейннің «Демон», К.Бизенің «Кармен», Қ.Қожамияровтың «Назугум» т.б. операларды қойды.
Құрманбек Жандарбеков, Қалыбек Қуанышбаев пен Күләш Байсейітова — қазақ өнерінің өшпес жұлдыздары. Олардың шеберлігін бүгінгі күнге дейін ешкім қайталап көрген жоқ, — деп естеліктерден сыр шерткен екен халық әртісі Роза Бағланова.
Ол аталған үшеуді «саф алтынға» теңейді.
— Сахнаның гүлі дейміз. Орысша «самородок» дейміз. Анау да, мынау да Құрманбек, Қалыбек, Күләш болғысы келді. Бірақ ешқайсысы солардай бола алған жоқ, — деген екен Роза Бағланова.
Осылардың ішінде өзінің жеке өміріне Құрманбек Жандарбековтің қалайша оң ықпал еткендігін Роза Бағланова былайша еске алады:
— 1947 жылы тамыз айында Өзбекстаннан осында келдім. Алдымен опера театрына барып, директордың кабинетіне кірсем, сонда Жандарбеков ағай отыр екен. Ол маған не деді ғой дейсіз ғой? Бұл «Қыз Жібектегі» Төлегеннің қарындасының әнін айтады, соның ролін ойнайды деді.
Оның айтуынша, «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан партиясын орындайтын Құрманбекке тең келер әнші болған емес.
— Бекежанды талай адам айтып жүр ғой. Бірақ дәл сондай айтатын адам қазір жоқ!
Құрманбек Жандарбековті кейінгі буын опера әншілерінің көпшілігі пір тұтады. Солардың бірі, 1985 жылдан бері «Қыз Жібекте» Төлегенді ойнап келген халық әртісі Кенжағали Мыржықбаев Құрманбек Жандарбековтің әншілігімен бірге импровизациялық шеберлігі де көп әншіге үлгі болғанын еске алады.
— «Қыз Жібекте» Бекежанның Төлегенді өлтіріп келгенде айтатын термесі бар. Соны Мәскеуде «Қыз Жібек» қойылымында айтуы керек болған. Сол кезде жоғары нотасын ала алмай қалып, әуенге ілесіп, «ха-ха» деп күліп жіберген. Бұл сәтті шыққандықтан, сол күйінде қала беретін болды, — дейді Кенжағали Мыржықбаев.
Опера әншісі Қанат Құлымжанов халық әртісі Құрманбек Жандарбековті өнер жолындағы ұстазы ретінде бүгінгі күнге дейін дәртіптеп, еске алған екен:
— Бірде «Біржан — Сара» операсына дайындық болып жатты. Мен сол кезде кішкентай артпен айтқан екенмін. Сол кезде Құрекең өзі сахнаға жүгіріп шығып: «Ойпырмай, әнді солай айтушы ме еді? Былай айту керек» деп сахнада Біржан салдың ариясын тамаша орындап шыққан еді.
Құрманбек Жандарбеков 1973 жылы дүниеден өтті. «Біржан-Сара» операсын қойғаны үшін ССРО мемлекеттік сыйлығын алған. Ленин орденімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрғын үйіне ескертікіш тақта орнатылған.