Home Жаңалықтар КОМПОЗИТОР, АҚЫН, ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 95 ЖЫЛ ТОЛАДЫ

КОМПОЗИТОР, АҚЫН, ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ КОРОЛІ ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 95 ЖЫЛ ТОЛАДЫ

Daismedia.kz

Биыл аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл.

1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында ата-анасының зарыға күткен перзенті дүниеге келді. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы – Сақыпжамал.
Әкесі Қалдаяқ ұл туса Жәмшид патшаның атын қоям деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды. »

Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Шәмшінің әкесінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқ болып кеткен», — дейді есімтанушы Бердалы Оспан.
Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.
Созақтың той-думанының көркі Қалдаяқ пен Сақыпжамал еді. Олар әуелетіп ән салғанда жиылған жұрт бірге қосылып, ортақ қуаныштың көрігін қыздыратын. Өз кезінде Шәді төренің ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасап, шеберлігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан еді.
Сөйтіп, айы-күні жетіп Сақыпжамал босанып, сәби жарық дүниеге келіп есімін Жәмшит қояды.Бала анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайды. Анасы Естайдың «Қорланын» ыңылдап айтып отырып тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні «Қорлан» болыпты.
«Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда «Қорлан» әнін салушы еді», — дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүрді. Ауылға келген сыган жігітінен мандолина сатып алды. Бала кезінен әкесінің әперген патифонынан Күләш Байсейітованың жүрек толқытып, сезім тербейтін күміс дауысын тыңдап, жаны жадырады. Қолына мандолинасын алып сол әуенге ілесті. Естіген сайын бойы балқыды. Сөйтіп, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өсті.

Шәмші бірден өнер жолына түскен жоқ. Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.
«Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым» дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес», — дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Шәмші ол кісіге арнайы жолығып, сүйікті апайына ән шығарып жүргенін, консерваторияға түскісі келгенін айтады. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Жамал апай болашақ композитордың үлкен өнер жолына түсуіне септігін тигізеді. Бұл 1956 жылдың маусым айы еді. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады. Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

«Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым», — дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.
1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді. Кейін Шәмшінің «Қайықта» алғаш Жамал орындады. Шәмшіні музыка мамандары «вальстің королі» деп те атаған. Ол кезде вальс ырғағымен жазылған әндер аз болса, өнердің осы түріне ерекше ден қойған да Шәмші ағамыз еді.

Осы орайда белгілі өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановтың Шәмші жайлы ойын ортаға салсақ:
«1957 жылдың қоңыр күзі әлі есімде. Опера театрының үстіңгі этажында композиторлардың музыка тыңдайтын кеші өтетін, сонда Әбілахат Еспаевқа жолықтым. Қағылез келген бір жігіт «Қыз сағынышы» әнін айтып тұр екен. Орта бойлы, көзі нұрлы, сөзінде жинақылық бар жігіт екен.

Әбілахат: «Әнебір жерін сәл көтерсең қайтеді?» — деді.
Қағылез жігіт: «Ол жерін көтерсем татаршаға ұқсап кете ме деп қорқам», — деп, өз ойын айтты. Сол жерде біз таныстық.

Бұл Шәмші Қалдаяқов еді. Ол кезде мен Шәмшінің не жазып, не қойғанын білмеймін. Шәмшінің әндерін тыңдағанда, Сыдық Мұхамеджанов, Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаевтың әндерінен өзгеше бір сазды, шуақты ғажайып әнге кез болдым. Шәмші әнді еркін жазады. Мен Шәмшінің бойындағы импровизаторлық қасиетке таңғалдым. Шәмші ағыл-тегіл, бұл әуенге ие бола алмайды. Менің шығарған әндерімді Шәмші ойнағанда менің қиялымды байытып отыратын».

Композитордың алтын қорымызда сақталған естелегі былайша сыр шертеді:
«Біздер жас кезімізде вальсті билейтін едік. Танго, факстроттарды билейтін едік. Ташкентте оқып жүргенде «Мен Алматыға барып оқуға түссем вальс мәселесін қатырып жазар едім» дейтінмін. Бұрын Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» деген бір ғана вальсі бар еді. Қалған вальстерді мен жаздым ғой деймін».
Шәмші ағамыз әннің халықтық әуеннен нәр алғандығы жайлы ойын одан әрі жалғастырсын:

«Сабырхан болса да, қай-қайсымыз болсақ та, біздер ауылдан шыққан композиторлармыз. Сондықтан да біздің әндеріміз ауылдағы халықтың айтып жүрген әндерінен нәр алған халықтың әндерімен суарылған деп түсінуіміз керек».

Шәмші ән шығармаса әлденені жоғалтып алғандай күйге түсетін. Үнемі ызыңдап әуен іздейтін, әннің өзі шабытты шақта ғана туатыны белгілі. Бір күні Шәмші ой құшағында асыға басып ұстазы Латиф Хамидиге келеді.

«Өзім таңмын, аға! Маған ғашықтық сезімді жырлайтын бір тамаша ән келіп тұр, ғажап әуен!» — дейді қуанышын жасыра алмай . Ұстазы әнді тыңдап көріп еді, самалдай жұмсақ, назды да сазды ән жүректі еріксіз тебірентті:
«Бұл әннің бағын ашатын тек Роза Бағланова», — деді ол.
Шәмші: «Мен әнді «Ақмаңдайлым» дегім келеді. Енді сөзін іздеу керек», — деді дегбірсізденіп. Бұл аптаның ішінде Мұзафар ағамыз өлеңін жазып, оны Роза радиодан орындағанда тыңдаушы бірден үйреніп алып, ауыздан-ауызға тез тарап кетті.
Шәмші әуелі әуенін шығарып, өз ойын түсіндіріп, бірқалыпқа түсіріп ақынға өлең шығаратын. Осы жайлы алтын қорымызда сақталған Сабырхан Асанның ойына кезек берсек:
«Менің бір айта кететін нәрсем, кейде бұл кісі сары майдай сақтап, «осыны сен жазшы» деп бір тақырыпты алып келеді. Соңғы кезде денсаулығына қарай елде жүрді ғой. Жамбыл жақта жүрді. «Осыны сен жазшы!» — дейтін. Соны мен әлім келгенше жазып беретінмін. Бір рет қана денсаулығыма байланысты «Дүнген қызы» деген әнге сөз жаза алмадым. Тілегін қайтарған емеспін».

«Аңшыны аңшы алыстан таниды» демекші, Шәмші ағамыздың тұстасы, өнер әлеміне бірдей құлаш сермеген Қазақстанның халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев Шәмшінің шығармашылығы, адамгершілігі жайлы көзі тірісінде айтып кетіп еді: 
«Мен ойладым, Шәкен өлместің адамы, өйткені із қалдырған азамат. Тірі адам ешуақытта жанында жүрген адамды өз деңгейінде бағалай алмайды. Өкінетін жағдайым Шәкең ерте кетті. Ол жиырмасыншы ғасырдың серісі еді. Бұл азамат күншіл емес еді. Өсек айтпайтын, ешкім туралы қызғаныш айтпайтын. Бір кездесуде Шәкеңнен әңгіме естідім: — Сізге неге атақ бермеді, дер кезінде?»- дегенде, «Халқым-ау, менің алдымда Әблахат тұр ғой»,- деді. Сонда мен бұл кісінің бойындағы адамгершілік қасиетті сезінген едім».

Қазақтың ұлы композиторы, Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі Шәмші Қалдаяқов еңбек жолын Ақтөбе облысы, Жұрын ауданы, Темір кеңшарында бастаған. Қазіргі Мұғалжар ауданына қарасты Құмсай ауылының тұрғыны Темірғали Байболов ақсақал даңқты композитормен кездескен шағын былай еске алады:

— Шәмші «Тоғыз үй» деп аталатын біздің ауылға 1948 жылдың қара күзінде келді. Оңтүстіктегі Қапланбек зооветеринариялық техникумын бітірген төрт түлек жолдамамен біздің кеңшарға жіберіліпті. Кейін үшеуі кетіп қалып, Шәмші ғана қалды. Біздің ауылдан 5 шақырым жердегі №2 Ор фермасына қатынап істейтін.

Менің әкем Смағазан — веттехник еді. Сондықтан Шәмші біздің үйге жиі келетін. 17-18-дердегі жұқалтаң сары жігіт. Адамның іші-бауырына кіріп сөйлейді. Жылы жақта өскен бала ғой, біздің өңірдің суығына шыдамай жүрді. Анама «Мамочка, маған құлақшын тігіп бер!» — деп еркелей кіретін үйге. Шешем Сарыалтын ісмер адам еді, құлақшын, кеудеше тігіп берді. Қатты риза болды.

Біз ауылдың алты баласы үш шақырым жердегі «Қазақстанның 15 жылдығы» мектебіне қатынап оқимыз. Шәмші бізді көріп қалса, дереу атына мінгізіп алады. Жетеуіміз бір аттың беліне сыйып кетеміз. Содан ауылға жеткенше ән айтады.

Мандолинасын өзімен бірге ала жүретін. Соғыстан кейінгі қиын кез ғой, малдың бас жібіне дейін жоқ боп қалады кейде. Ауыл қарттары жас маманды сүйеу көріп, ананы-мынаны сұрайды. Әрине, ол оның бәрін қайдан тауып бере берсін. Сондайда: «Ата, тұра тұршы, мен одан да көңілдеріңізді көтерейін» — деп ән шырқай жөнеледі. Сәлден соң қарттар да жібіп: «Ай, шырағым, малдың бір реті болар, әніңді жалғастыршы», — деп мамыражай қалыпқа түсетін. Кейде қолына домбыра алып, күй тартады. Жұртты баурап алатын қасиеті бар еді.

1949 жылы әкем соғыстан алған жарақаты меңдеп, қайтыс болғаннан кейін де біздің үйге жиі бас сұғып тұрды. 1950 жылы мамырда әскерге шақырылып, Жұрын стансасынан аттанғанда, оны бүкіл ауыл шығарып салды. Теміржол бекетінде қарақұрым халық оның әнін тыңдап, қоштасқанын үлкендер үнемі айтып отыратын.

1973 жылы екі-үш кісі Алматыға іздеп бардық. Жеңгеміз қарсы алып, ол кісінің үйде жоқ екенін айтты. Ал 1976 жылы өзі ауылға келгенде: «Сондай інім бар еді. Әке-шешесінің қолынан дәм татып ем…» — деп мені іздепті. Өкінішке қарай, 50 шақырым жердегі Қайрақтының бойында мал бағып отырған маған хабар тимей, кездесе алмай қалдым…

Шәмшінің лирикалық әндері тыңдаушы жүрегіне нәзік сезім ұялатып, өткенін аңсатып, келешекке үмітпен қарауға көп септігін тигізді. Осы жайлы Шәмшінің ойын ортаға салсақ:
«Қазақ халқы — батыр халық және лирик халық, жүрегі толған лирика. Көптеген әндеріміз сезімге, махаббатқа толы. Махаббат деген қыз бен жігіттің арасындағы махаббат емес, кең тұрғыда іске қосылып отырған құбылыс деп түсінем өзім. Махаббат деген Отанды, елді, жерді, отбасын сүю. Осы да тақырыпқа сияды деп санаймын. Менің әндерім ел мен жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктен туған.»….

Шәмші іссапармен Қазақстанның әр облысында болып халқымен қауышты. Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барса «Сыр сұлуы», Арысқа барса «Арыс жағасында», Жамбылға барса «Мойынқұмда» сынды тақырыптық әндерді шығарған.

Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да осы.

Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді. Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды.
Шәмші Қалдаяқовтың патриоттық әндері қаншама!?..
Осы жайлы Шәмші Қалдаяқов өз кезінде:

Менің Қазақстаным» әнін алпысыншы жылдардың басында жаздым. Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. Сол кезде отыздар шамасында едім. «Менің Қазақстанымды неге бөлесіңдер?» — деген мағынада шығарғам. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді», — дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.
Бұл менің отансүйгіштік әндерімнің ең алғашқысы. Астын сызып жазған әндерімнің бірі еді.
1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

Шәмші атақ-даңқ қуып, есік тоздырмаған адам. Тумысынан қарапайым да қажырлы, аса еңбекқор жанды қай ауылға барса да құшақ жая қарсы алды. Одан асқан б
қыт бар ма? Ол кісінің өз ұстазы Василий Великанов «біздің Шәмші полифониялық көп дауысты әндердің шебері» деуші еді. Оның «Шынарым», «Арыс жағасында», «Ол жалғыз, біз екеуміз» әндері қос дауысқа арналып жазылған. Қазақтың музыка өнерінде Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

«Арыс жағасында» әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде «Қазақ радиосының» музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

«Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек», — дейді Нұрғали Нүсіпжанов. Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.
«Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, — деп еске алады Нүсіпжанов.

Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 — ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», — деген екен.

Шәмші Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Нұтфолла Шәкенов, Қадыр Мырзалиев және Сабырхан Асанов сынды ақындармен бірге шығармашылық байланыста болды. Өмірінің соңғы кезінде біраз уақыт елде тұрды. Тұрмыс тауқыметін көрді. Ол атақтылар қатарында дүниенің молшылығын көріп, зор құрметке ие бола алмады. Қайта қарапайым халықпен терезесі тең, қоян-қолтық араласып адами қасиетімен өмір сүрді. Шәмші Қалдаяқовқа атақ та тым кеш келді. Ол өмірінің соңғы айларында Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болды.

Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді.

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесі себеп болыпты.
«Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. «Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген», — деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.
Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

«Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін», — деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

«Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған», — дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға «Қазақстанның Халық әртісі» атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жыр жолында айтылғандай, дер кезінде тани алмай, өмірден өткеннен соң аяулы болған сазгер.

Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды. 2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. 1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы небір ән байқаулары өтіп, Шәмшінің рухын асқақтатып жатырмыз. Шымкент қаласындағы облыстық филармония, Шымкентте, Алматы қалаларында көше аты, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған.

Ең бастысы — Шәмшінің «Қазақстаным» әні гимнге айналды. Ендігі жерде вальс патшасы атанған Шәмшінің қолжазба түрінде қалған ән-романстарын жинақ етіп шығарып, Қазақ радиосындағы әсем әндерін, дискі, кассета арқылы толық шығарып, халыққа ұсынсақ, Шәмші әні ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше. Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз.

Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ халқымен бірге жасайды.

You may also like

Leave a Comment