«Конгресс холл» кешенінде қазақтың халық әртісі, Еңбек Ері, Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бұл күні композитордың өмірі мен шығармашылығын еске алу мақсатында ұйымдастырылған кездесу зиялы қауым мен мәдениет өкілдерінің басын қосты.
Шараға Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы мен белгілі зиялы қауым өкілдері қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың музыка әлеміндегі орны мен шығармашылық жолы туралы пікір алмасты. Осы кездесу барысында олар композитордың ұлттық музыка өнеріне қосқан зор үлесін, оның әндерінің халық жүрегінде мәңгілік сақталатынын атап өтті.
Кештің ерекшелігі – Қазақстанның белгілі филармония әншілерінің өнер көрсетуі. Олар Шәмші Қалдаяқовтың ең танымал әрі сүйікті әндерін орындап, көпшілікті қуанышқа бөледі. Кештің сәнін келтірген бұл әндер, сөз жоқ, қазақ музыкасының алтын қорынан орын алған туындылар еді.
Шараның тағы бір маңызды сәті – «Шәмші» деректі фильмінің режиссері Тілеген Ахмет Мүсілімұлына «Шәмші Қалдаяқов» атындағы мерекелік медальдің табысталуы болды. Бұл медаль композитордың мұрасын насихаттау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында жасалған маңызды қадам болып табылады.
Іс-шара барысында, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа кітаптың тұсаукесері де өтті. Бұл кітаптың аты – «Өнері өрге шалқыған орда». Кітапта композитордың өмір жолы, оның музыкалық мұрасы мен өнер саласындағы ұмытылмас істері жан-жақты баяндалған. Кітапты жазудағы басты мақсат – Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын терең зерттеп, оны жаңа буын өкілдеріне таныстыру.
Кітаптың мазмұны таныстырылып, оның рухани және мәдени маңызы айқындалды. Әсіресе, бұл шығарма ұлттық музыканы қадірлеу, қазақтың музыка өнерін дамыту және Шәмші Қалдаяқовтың есімін мәңгілікке қалдыру жолындағы үлкен қадам ретінде бағаланды.
Кеш соңында Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлы сөз сөйлеп, Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығының ұлт мәдениетіне қосқан орасан үлесін жоғары бағалап, бұл мерейтойдың қазақ өнері үшін маңызды екенін атап өтті.
Аталған апталықтың қорытынды гала-концерті 24 желтоқсан күні сағат 19:00-де «Конгресс холл» кешенінде өтеді. Бұл кеште Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары кең көлемде орындалып, оның мәдени мұрасы тағы да бір мәрте еске алынады.
Айта кетейік, биыл аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл.
1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында ата-анасының зарыға күткен перзенті дүниеге келді. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы – Сақыпжамал.
Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.
Созақтың той-думанының көркі Қалдаяқ пен Сақыпжамал еді. Олар әуелетіп ән салғанда жиылған жұрт бірге қосылып, ортақ қуаныштың көрігін қыздыратын. Өз кезінде Шәді төренің ұстаханасы болған жерде Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасап, шеберлігімен ауылдастарының сый-құрметіне бөленген жан еді.
Сөйтіп, айы-күні жетіп Сақыпжамал босанып, сәби жарық дүниеге келіп есімін Жәмшит қояды.Бала анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайды. Анасы Естайдың «Қорланын» ыңылдап айтып отырып тербеткеннен бе, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні «Қорлан» болыпты.
Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүрді. Ауылға келген сыган жігітінен мандолина сатып алды. Бала кезінен әкесінің әперген патифонынан Күләш Байсейітованың жүрек толқытып, сезім тербейтін күміс дауысын тыңдап, жаны жадырады. Қолына мандолинасын алып сол әуенге ілесті. Естіген сайын бойы балқыды. Сөйтіп, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өсті.
Шәмші бірден өнер жолына түскен жоқ. Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.
Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.
Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Шәмші ол кісіге арнайы жолығып, сүйікті апайына ән шығарып жүргенін, консерваторияға түскісі келгенін айтады. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Жамал апай болашақ композитордың үлкен өнер жолына түсуіне септігін тигізеді. Бұл 1956 жылдың маусым айы еді. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады. Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.
«Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым», — дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.
1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді. Кейін Шәмшінің «Қайықта» алғаш Жамал орындады. Шәмшіні музыка мамандары «вальстің королі» деп те атаған. Ол кезде вальс ырғағымен жазылған әндер аз болса, өнердің осы түріне ерекше ден қойған да Шәмші ағамыз еді.
Шәмшінің лирикалық әндері тыңдаушы жүрегіне нәзік сезім ұялатып, өткенін аңсатып, келешекке үмітпен қарауға көп септігін тигізді. Осы жайлы Шәмшінің ойын ортаға салсақ:
«Қазақ халқы — батыр халық және лирик халық, жүрегі толған лирика. Көптеген әндеріміз сезімге, махаббатқа толы. Махаббат деген қыз бен жігіттің арасындағы махаббат емес, кең тұрғыда іске қосылып отырған құбылыс деп түсінем өзім. Махаббат деген Отанды, елді, жерді, отбасын сүю. Осы да тақырыпқа сияды деп санаймын. Менің әндерім ел мен жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктен туған.»….
Шәмші іссапармен Қазақстанның әр облысында болып халқымен қауышты. Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барса «Сыр сұлуы», Арысқа барса «Арыс жағасында», Жамбылға барса «Мойынқұмда» сынды тақырыптық әндерді шығарған.
Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да осы.
Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді. Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды.
Шәмші Қалдаяқовтың патриоттық әндері қаншама!?..
2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
Шәмші атақ-даңқ қуып, есік тоздырмаған адам. Тумысынан қарапайым да қажырлы, аса еңбекқор жанды қай ауылға барса да құшақ жая қарсы алды. Одан асқан бақыт бар ма?! Ол кісінің өз ұстазы Василий Великанов «біздің Шәмші полифониялық көп дауысты әндердің шебері» деуші еді. Оның «Шынарым», «Арыс жағасында», «Ол жалғыз, біз екеуміз» әндері қос дауысқа арналып жазылған. Қазақтың музыка өнерінде Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.
Шәмші Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Нұтфолла Шәкенов, Қадыр Мырзалиев және Сабырхан Асанов сынды ақындармен бірге шығармашылық байланыста болды. Өмірінің соңғы кезінде біраз уақыт елде тұрды. Тұрмыс тауқыметін көрді. Ол атақтылар қатарында дүниенің молшылығын көріп, зор құрметке ие бола алмады. Қайта қарапайым халықпен терезесі тең, қоян-қолтық араласып адами қасиетімен өмір сүрді. Шәмші Қалдаяқовқа атақ та тым кеш келді. Ол өмірінің соңғы айларында Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болды.
Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.
Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді.
Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.
Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қарашасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға «Қазақстанның Халық әртісі» атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.
2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.
Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жыр жолында айтылғандай, дер кезінде тани алмай, өмірден өткеннен соң аяулы болған сазгер.
Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды. 2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. 1992 жылдан бастап Шәмші Қалдаяқов атындағы небір ән байқаулары өтіп, Шәмшінің рухын асқақтатып жатырмыз. Шымкент қаласындағы облыстық филармония, Шымкентте, Алматы қалаларында көше аты, Шәуілдірдегі аудандық музыка мектебі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филормониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған.
Ең бастысы — Шәмшінің «Қазақстаным» әні гимнге айналды. Ендігі жерде вальс патшасы атанған Шәмшінің қолжазба түрінде қалған ән-романстарын жинақ етіп шығарып, Қазақ радиосындағы әсем әндерін, дискі, кассета арқылы толық шығарып, халыққа ұсынсақ, Шәмші әні ескірмейтін халық әндерімен пара-пар, халықтық әуенге айналған құндылығымен ерекше. Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз.
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ халқымен бірге жасайды.
