Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТОҚАШ БЕРДИЯРОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТОҚАШ БЕРДИЯРОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Daismedia.kz

Келес ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымды және есте қаларлық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл мерейтойлық шараға ауданның мәдени өмірі мен білім беру ұйымдарының өкілдері, жас өнерпаздар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Іс-шараның алғашқы бөлігі Бесқұбыр ауылында ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, ақынға құрмет көрсетті. Бұл сәтте аудан әкімі Тоқаш Бердияровтың қазақ әдебиетіндегі орны мен ел руханиятына қосқан үлесін атап өтті.

Мерейтойлық жиын Ә.Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда «Ақын рухы ел есінде» атты өлең-жыр байқауы ұйымдастырылып, ауданға қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары Тоқаш Бердияров шығармашылығын дәріптеді. Байқаудың басты мақсаты – жас буынды ұлттық әдебиетке баулу, ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау болды.

Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы іс-шараны ашқан сөзінде Тоқаш Бердияровтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті:

— Көрнекті ақын Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту – әрбір келестік үшін парыз. Ақын 30-ға жуық кітап шығарып, туған жерге арналған «Келестің ыстық топырағы-ай» сынды өлеңдері арқылы ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап өту керек. Оның өмір жолы мен шығармашылығы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адалдық пен рухани тазалыққа тәрбиелейді, — деді аудан әкімі.

Байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде Тоқаш Бердияровдың тұлғасын, ерлігі мен ақындығын көркем теңеулер арқылы жыр жолдарымен бейнеледі. Жас өнерпаздардың сахнадағы өнер көрсетуі мен шығармашылық шеберлігі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.

Іс-шара соңында үздік деп танылған қатысушылар аудан әкімі атынан арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар жас өнерпаздар үшін үлкен моральдық қолдау болып, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырды.

Тоқаш Бердияровтың шығармашылығы – бұл тек поэзия ғана емес, сонымен қатар туған жерге деген махаббат, ұлттық рух пен патриоттық сезімнің айнасы. Аудан тұрғындары мен жас буын үшін ақынның өмірі мен еңбегі – рухани тәрбие мен шабыттың қайнар көзі болып қала бермек.

Мұндай мерейтойлық іс-шаралар тек әдебиет саласындағы жетістіктерді ғана дәріптемей, сонымен қатар жастарды өнер мен мәдениетке баулудың, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланады.

Айта кетсек, Тоқаш (Торсықбек) Бердияров — қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны, Ұлы Отан соғысының батыр ардагері, шығармашылығымен кеңестік дәуірде кең танылған тұлға. 2025 жылы оның 100 жылдық мерейтойы аталып өтілуде, бұл оқиға қазақ мәдениеті мен әдебиет тарихында елеулі орын алады.

Тоқаш Бердияров 1925 жылдың 19 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, «Коммуна» бөлімшесінің «Ұшқын» ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Туған кезінде оған Торқысбай деген ат қойған. 1930 жылы отбасының тұрмыс жағдайының ауыртпалығына байланысты ол Ташкент қаласындағы №6 балалар тәрбиелейтін мектеп-интернатқа қабылданады. Сол жерде тәтті бауырсаққа деген ерекше сүйіспеншілігіне байланысты, қоршаған ортасы оны «Тоқаш» деп атап кеткен, бұл ат өмір бойы серігіне айналды.

Одан кейін ол №23 қазақ балалар үйінде білім алып, 1938 жылы туған ауылына оралады. «Коммуна» жеті жылдық мектебін толық аяқтай алмаған Тоқаш 13 жасынан бастап ұжымдық шаруашылықта жұмыс істеп, мақташылар бригадасының табель жүргізушісі болады. Кейінірек «Бесқұбыр» ауыл кеңесінің хатшылық қызметін атқарады.

Сұрапыл соғыс елге қауіп төндірген кезде, 17 жасар бозбала Тоқаш Бердияров өз еркімен майданға аттанады. Ол IV Украина майданында қатыгез шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түседі. Оның жауынгерлік ерліктері бірнеше мәрте марапатталады: екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен. Сол жылдары оның Кеңес жауынгерлерінің ерлігін жырлаған алғашқы өлеңдері баспа бетінде жарық көрді.

Соғыс біткен кезде немістің Ильменау қаласының гауптвахтасына түскен Тоқаш Бердияровты сол қаланың әскери коменданты, кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі, марқұм Қалмұқан Исабай шығарып алған екен. Бұл оқиға Украинада жүрген жерінен қазақтың даңқты батыры әрі жазушы Қасым Қайсеновтің елге оралуына белгілі ақын, партизан Жұмағали Саинның көмегіне көп ұқсайды. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, біріне-бірі қорған, қормал болған.

Соғыс аяқталған соң да Тоқаш әскери қызметтен кетпей, бес жыл бойы Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші болып қызмет атқарады. 1949 жылдың күзінде денсаулығына байланысты ол әскери қызметтен босатылды.

1950 жылы бейбіт елге оралған Тоқаш Бердияров Алматыдағы көркемсурет училищесінде білім алады, бірақ оқуын аяқтамайды. Оның шығармашылыққа бет бұруы әдебиетке шынайы қызығушылығынан туындаған. Сол кезден бастап өлеңдері мен шығармалары баспасөз беттерінде жиі жариялана бастайды.

1958-1962 жылдары ол «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») және «Қазақ әдебиеті» газет-әнқаздарының редакцияларында әдеби қызметкер болып жұмыс істейді.

Әдебиет әлеміне өз замандастарынан кеш келсе де, оның «Шалқы теңіз» атты тұңғыш жыр жинағы 1952 жылы жарық көрген. Дәл сол жылы қазақ поэзиясының нарқасқасы Қасым Аманжолов құрастырған «Жастық жыры» деп аталған ұжымдық жинаққа енген 23 ақынның арасында Тоқаш Бердияровтың өлеңдері де бар болатын.  Содан бері оның шығармалары «Мен өмір сүремін», «Таңғы шопақ» (орыс тілінде), «Бейбітшілік көшесі», «Көгілдір ымырт», «Есік алды көк терек» атты жиырмадан астам өлеңдер мен прозалық шығармалар кітаптарына жинақталған.

Мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын өткір, десе де жанару жасаурап тұратын ақын Тоқаштың достары аса көп болмаған. Өзінің тентектігіне сай Мұқағалидай алыппен достығы ұрпаққа аңыз болып жетеді. Көзін көрген замандастардың айтуынша, қос ақынның мінездері ғана емес, өмір туралы көзқарастары мен қоғамдық ойлары, әсіресе поэзиялық мұраттастығы қатты ұқсайды. Мұқағали өзінен он жастай үлкен ағасын пана көріп, арқа тұтатын кездері де аз болмапты. 

Тоқаш Бердияров – әдеби қауымның аса талғампаз қауымының ой елегінен өтіп, өзінің лайықты бағасын алған ақын. Оның өлеңдеріндегі жаңашылдықты «жыл келгендей жаңалық сезілген» 1952 жылдары-ақ ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған. 

Сондай-ақ сыншы Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Өлеңнің тосын түрлерін тұрақтатарлық ізденістер Абайдың бүгінгі ұрпақтарынан азды-көпті бой көрсетіп жүр… Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияровтың кейбір форма жаңалығы туған поэзиямыздың табиғатына жат емес», – деген. 

Оның шығармашылығы сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, оқырман қауымына кеңінен танылды. Көптеген шығармалары КСРО халықтарының тілдеріне аударылған.

Т.Бердияров II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, КСРО медальдарымен марапатталған. Қазақ КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы оны әдебиет саласында сіңірген еңбегі үшін және алпыс жасқа толуына байланысты Құрмет Грамотасымен наградтады.

Өмірінің әр кезеңінде Тоқаш Бердияровқа туған жерлестері де ерекше құрмет көрсетті. Оның 50 және 60 жылдық мерейтойлары кең көлемде атап өтілсе, 70 жылдық мерейтойы оның өмірден кейін де есте қалды. Келестік жерлестері оған ақбоз ат мінгізіп, мақпал шапан жауып, құрмет көрсетті.

Өмірінің соңғы жылдарында ақын Алматы қаласында, Гоголь көшесі №15 үйдің №69 пәтерінде тұрған. 1988 жылы 29 шілдеде 63 жасында кенеттен өмірден озды. Ол тек Ұлы Отан соғысының ардагері ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар көрнекті ақын ретінде мәңгі есте қалды.

Ақын ғұмырының соңы өте өкінішпен аяқталған. Тұтқиылдан тиіп беретін, қырсық та шақар бейнесімен қаламдастарының есінде сақталған ақынның ақыры да тосын болыпты. Тоқаш Бердияровтың өмірін зерттеп жүрген журналист Әбдісаттар Әліпұлының жазуынша, «Алматыдағы демалыс үйлерінің бірінде жазатайым аяғы тайып сүрінген оның қарақұсы тасқа тиіп кетеді. Осылайша 1988 жылғы 29 шілде күні арда азамат, жаужүрек жауынгер, арқалы ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер кенеттен қайтыс болған». Тоқаш Бердияров өзінің туып-өскен көрікті өңір Келесінде мәңгілікке дамыл тапқан. 

Тоқаш Бердияровтың өмірі — қиындыққа төтеп беріп, туған елге қызмет еткен, әдебиет арқылы халыққа үміт пен рух беріп өткен тағдырлы тұлғаның тарихы. Оның шығармалары мен ерлігі ұрпаққа үлгі болып қала береді.

You may also like

Leave a Comment