Түркістан облысы – қазақ даласының сан ғасырлық тарихы мен өркениетінің алтын бесігі. Бұл өңірде көне қалалар, кесенелер, қорғандар мен тарихи нысандар өте көп. Солардың ішінде инженерлік тұрғыдан да, тарихи маңызы жағынан да ерекше орын алатын нысанның бірі – Бөген өзенінің үстінен салынған атақты «Қызыл көпір».
Бұл көпір – жай ғана қатынас құралы емес, бірнеше дәуірдің куәсі, халық жадында сақталған тірі тарих.
Патша өкіметі тұсында салынған инженерлік ғажайып
Тарихи деректерге сүйенсек, «Қызыл көпір» XIX ғасырдың 80-жылдары, яғни патша өкіметі билік жүргізген кезеңде салынған. Ерекшелігі – көпір құрылысында бірде-бір болт, гайка немесе дәнекерлеу тәсілі қолданылмаған. Бүкіл құрылым болат пен темір бөлшектерді бір-біріне дәлме-дәл қиюластыру арқылы тұрғызылған.
Көпірдің су астындағы тіреулері кірпіштен қаланып, арасына алып ағаш діңдері орнатылған. Таңғаларлығы – су түбінде ғасырлар бойы жатқан сол кірпіштер мен ағаштар бүгінге дейін шірімей, мүжілмей сақталған. Бұл сол кезеңдегі құрылыс технологиясының өте жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
Қатаң күзеттегі стратегиялық нысан
Көзкөрген қариялардың айтуынша, көпір екі жағынан қарулы солдаттармен күзетілген. Бұл нысанның стратегиялық маңызы зор болғанын аңғартады. Көпірдің төбесінде екі қоңырау орнатылып, сондай-ақ самұрық құстың мүсіні қойылғаны айтылады. Самұрық – түркі дүниетанымындағы киелі құс, биіктік пен қорғаудың белгісі. Бұл да көпірдің символдық мәнін арттыра түседі.
Ұзындығы 34 метр, биіктігі 5 метр болатын «Қызыл көпір» аптап ыстыққа да, қытымыр аязға да төтеп беретін, аса күрделі инженерлік құрылыс ретінде бағаланады. Осы ерекшеліктеріне байланысты көпір кейіннен мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткіш санатына енгізілді.
Сауда мен көштің күретамыры
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, бұл көпірдің орнында бұған дейін ағаш көпір болған. Созақ пен Түркістан өңірінің халқы малын айдап, керуен тартып, Ташкент пен Шымкентке осы өткел арқылы қатынаған.
Уақыт өте келе патша өкіметі халықтың сұранысын ескеріп, ағаш көпірдің орнына темір көпір салады. Көпірді қызыл түске бояған соң, жұрт оны «Қызыл көпір», орысша «Красный мост» деп атап кеткен. Осылайша атау халықтық сипат алып, бүгінге дейін сақталып қалды.
Кеңес дәуірі және жаңа көпір
«Қызыл көпір» 1960-жылдарға дейін толыққанды пайдаланылды. Кейін кеңес үкіметі заман талабына сай жаңа көпір салды. Ол көпір де ұзақ жылдар бойы ел игілігіне қызмет етті. Шамамен 2015 жылдарға дейін Бәйдібек пен Созақ аудандарының халқын қаламен байланыстырып тұрған басты жол осы көпір арқылы өтті.
Тіпті бұл жолмен Самара – Шымкент, Түркістан – Шымкент бағытындағы жолаушы және жүк көліктері де қатынаған. Яғни, бұл көпірлер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.
Халық қорғап қалған тарихи мұра
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі салына бастағанда, құрылысшылар ескі «Қызыл көпірді» бұзуды жоспарлаған екен. Алайда жергілікті халық бұған үзілді-кесілді қарсы шыққан. Себебі бұл көпір – елдің өткенімен байланысын үзбейтін асыл мұра.
Халықтың талап-тілегі ескеріліп, тарихи нысан аман сақталып қалды. Бұл – елдің өз тарихына деген құрметінің айқын көрінісі.
Үш дәуірдің үнсіз куәгерлері
-Бүгінде бір ауылдың маңында үш көпір қатар тұр. Әрқайсысы – бір тарихи кезеңнің белгісі:
-Қызыл көпір – патша өкіметі дәуірінің,
-Кеңес заманында салынған көпір – социалистік кезеңнің,
Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіндегі жаңа көпір – Тәуелсіз Қазақстанның жетістігінің символы.
Жергілікті тұрғындар қазіргі заманғы үлкен көпірді ел егемендігінің, дамудың, болашаққа нық қадамның жемісі деп мақтан тұтады.
Тарих – ұрпаққа аманат
«Қызыл көпір» – тек темір мен кірпіштен тұрғызылған құрылыс емес. Ол – халық жадындағы жол, сауда, тіршілік, тағдырлар тоғысқан мекен. Мұндай тарихи нысандарды сақтау – өткенге тағзым ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.
Өйткені тарихты бұзу – тамырды кесумен тең. Ал тамыры терең елдің ғана болашағы баянды болмақ.
