Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған.
Оның өскен отбасы өте кедей еді. Ол 8 жасында анасынан айырылды, бұл оның өмір бойы айнымас азабы болып қалды. Баланың бойына білімге деген сүйіспеншілікті кейін соғыста қаза тапқан ағасы Сатылған сіңірткен. Бала аштық пен ауыр жұмысты және т.б қиыншылықтарды басынан өткерген. Дегенмен, ол өте ізденімпаз, қабілетті бала болып өсті және өмір бойы өзінің оптимизмі мен көңілділігін сақтап қала алды.
Мектептен және ФЗО-дан кейін ол әскерде қызмет етті.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. 1950 жылдан бастап Алматы қаласындағы «Пионер» және «Қазақстан пионерлері» қазақ газеттерінің редакцияларында қызмет етті.
«Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған. Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды. Сол арқылы жер жүзінің киносүйер қауымы қазақ елінде кино өнері бар екеніне көз жеткізді, сол арқылы Қазақстанның табиғатын, болмысын білді. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларында оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бейнелеу қабілеті өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портетін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлетеді. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік әдісі болып табылады.
Бердібек Соқпақбаев тірі кезінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі деп аталып кетті. Оның кітаптары ешқашан кітапхана мен дүкен сөрелерінде шаң басып жатқан емес. Жазушының шығармаларын балалар мен ересектер де асыға күтетін. Соқпақбаевтың кітаптарын барлық жастағы оқырмандар мен ұрпақ жақсы көреді.
Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы 1991 жылы 24 шілдеде Алматы қаласында көз жұмды.