Home Ауыл шаруашылығы САРЫАҒАШ: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

САРЫАҒАШ: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Daismedia.kz

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы Тегісшіл ауылдық округінде орналасқан «Айша» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Сапар барысында аудан басшысы шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен, мал бордақылау алаңының құрылымымен және жұмыс бағыттарымен егжей-тегжейлі танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Ол өз сөзінде мал шаруашылығын дамыту – ауыл экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, осы бағыттағы бастамаларға аудан тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қожалық иесі өндірістік кешеннің мүмкіндіктерімен таныстырып, мал бордақылау алаңының қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары туралы баяндады. Бүгінде сыйымдылығы 800 басқа арналған алаңда 500 бас жылқы бордақылануда. Жобаның жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды. Шаруашылықта ауылдың 10 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл – ауылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға елеулі үлес қосып отыр.

«Айша» шаруа қожалығының негізгі мақсаты – мал өнімділігін арттыру, жергілікті нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығында тұрақты жұмыс орындарын ашу. Алдағы уақытта қожалық ет өнімдерін қайта өңдеу және экспортқа шығару бағытында да жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Аудан әкімі кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие тетіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру мақсатында кооперация жүйесін дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және заманауи бордақылау алаңдарын салу бағыттарында нақты тапсырмалар берді.

Бұл жоба Сарыағаш ауданында мал шаруашылығының өркендеуіне серпін беріп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

You may also like

Leave a Comment