Home Жаңалықтар ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САПАСЫ- ДАМУ КЕПІЛІ

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САПАСЫ- ДАМУ КЕПІЛІ

Daismedia.kz

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс сапарымен Тегісшіл ауылдық округінде болып, онда іске асырылып жатқан бірқатар маңызды құрылыс жобаларын аралап, олардың орындалу барысымен танысты. Бұл сапардың басты мақсаты – жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасын тексеру, жұмысшылардың жағдайларын бағалау және мердігерлерге нақты тапсырмалар беру болды.

Әкім ең алдымен Тегісшіл елді мекеніндегі Ш. Ибрагимов көшесінде салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолағының құрылыс жұмыстарының орындалуын бақылады. Ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын бұл жоба ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаяу жүргіншілер жолағының құрылысы «Bairkum company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, жоба аяқталу кезеңіне жақындап келеді.

Аудан әкімі құрылыс нысанының сапасына ерекше назар аударып, мердігер компания өкілдеріне бірқатар маңызды ескертулер берді. Арман Абдуллаев құрылыс сапасы мен жұмыстардың уақытында орындалуы қатаң бақылауда болатындығын атап өтті. Ол бұл жобаның тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты.

“Әрбір жобаның негізгі мақсаты – сапа мен мерзімнің үйлесімділігі. Біз бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруын қамтамасыз етуіміз керек,” – деп атап өтті аудан әкімі.
Одан кейін әкім Таскескен елді мекеніндегі ауыз су жүйесін тарту жұмыстарының барысымен танысты. Аталмыш жоба бойынша «Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» іске асырылуда. Бұл жобаның мердігері «FS Development Group» ЖШС, ал тапсырыс беруші – «Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» болып табылады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, сол жылдың қыркүйек айында толық аяқталуы жоспарлануда.

Қазіргі таңда, Таскескен ауылында 2100 метр ауыз су құбыры тартылып, су құдықшалары (колодецтер) орнатылған. Бұл жұмыс тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Сапар барысында аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың жоғары деңгейде жүзеге асып жатқанын атап өтіп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді және барлық нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
“Әрбір елді мекеннің дамуы оның инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан біз кез келген жобаны халықтың игілігі үшін іске асырып, оның сапасына ерекше көңіл бөлуіміз керек,” – деді Арман Абдуллаев.

Бұл жұмыс сапары ауылдық округтердің инфрақұрылымын жаңарту мен жақсартудағы үлкен қадамдарды көрсетеді және Сарыағаш ауданының дамуына маңызды ықпал етуде.

You may also like

Leave a Comment