Биыл көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жазушының «Қайдасың, Гауһар?» шығармасын сахналады. Екі күн қатарынан өткен премьераға келген қала тұрғындары мен қонақтар драманы жылы қабылдап, ризашылығын білдірді.
Театр директоры Орал Камал шара соңында сөз сөйлеп келген көрерменге алғыс айтты. Сондай-ақ жаңадан ашылған камералық қойылымдарға арналған залдың ерекшелігіне тоқталды. 150 адамға шақталған кіші залда бұдан бөлек моно-спектакльдер және балаларға арналған ертегілер сахналанады деді театр басшысы.
Хикаят инсценировкасын жасаған және сахнаға дайындаған – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі, режиссер Шағуан Үмбетқалиев.
Спектакльде соғыс кезіндегі бір бозбаланың басынан кешкен махаббат хикаясы баяндалады. «Ит жоқта шошқа үрген» заманда басты кейіпкер Жәнібек тоғызыншыны бітіріп, мұғалімдік қызметін бастайды. Ауылдасы Жақан екеуін Алматыға 1 айлық оқу курсына жібереді. Ол кезде ауылдан келетіндердің жайы белгілі. Алматы сияқты алып шаһарда өмір сүру үшін жекжаттыкі болса да бір үй табу керек. Міне, сол үй – Жақанның немере жеңгесі Майра апайдың үйі. Үйге орналасқан соң соң, олардың қалай базар аралағаны, қыздарға қалжыңдасқаны сөз болады. Жәнібек Гауһар есімді бойжеткенмен танысады. Екеуінің араларындағы қимастық сезім махаббатқа ұласады. Бірақ соғыс, елдегі қиын ахуал екеуін табыстырмайды. Жәнібек сол күйі сүйгенін жоғалтып алады. Жүректе сағыныш, өкініш табы қалады.
Драма соңында көрермен қауым пікір білдіріп, өзі де қимас жаннан айырылып қалғандай күй кешкенін жеткізді. Заман тарлығы махаббатқа да тұсау салғанын іштей сезініп, көңіл күйі алабұртып, өзгеше әлемге бой ұрғанын жасырмады.
Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 13 қазанда Алматы облысы Нарынқол ауданының Қостөбе ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.
Б. Соқпақбаев журналистикамен көп айналысты, «Балдырған», «Қазақ әдебиеті» газет-журналдары редакцияларында қызмет етті. «Қазақфильм» киностудиясында редактор болды. Оны үнемі бала тәрбиесі мен педагогика мәселелері толғандыратын. Б. Соқпақбаев шығармаларының көпшілігі өз өмірінен алынған.
Бердібек Соқпақбаевтың тырнақалды туындысы «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көріп, оқырмандарын бірден тапты. Жазушының келесі кітаптары — 1951 жылы «Жекпе жек» повесі, 1953 жылы «Алыстағы ауылда» повесі жарық көрді. «Балалық шаққа саяхат» (1960 ж.) повесі жастық шақтың рухани әлемін көрсетеді. «Дала жұлдызы» (1960 ж.) кітабы қазақтың демократ ғалымы Шоқан Уәлихановтың өміріне арналған. «Өлгендер қайтып келмейді» романы (1 т.-1967 ж., 2 т.- 1974 ж.), «Аяжан» (1963 ж.), «Қайдасың, Гауһар» (1966 ж.) және т.б. әңгімелері жарық көрді.
Б. Соқпақбаев 1952 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жазушыны танымал еткен «Менің атым Қожа» повесін 1957 жылы «Балалар әдебиеті» баспасы басып шығарды, кейін орыс тілінен әлемнін 68 тіліне аударылып және шетелде басылып шықты. Автордың сценариі бойынша туынды негізінде түсірілген осыған аттас фильмі Канн Халықаралық кинофестивалі сыйлығының иегері.
Қазақтың белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның еске алынатын Күнтізбесіне енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жазушының 100 жылдығын мерекелеу басталды. Б. Соқпақбаевтың туған ауылы Нарынқолда ескеркіш орнатылып, жазушының есімі саябаққа, білім мекемелеріне, облыстық кітапханаға беріледі деп жоспарлануда.