Биыл қазақтың біртуар перзенті, талантты режиссер, актер, КСРО халық әртісі, қазақ киноөнерінің негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толды.
Шәкен Айманов «Абай әндері», «Жамбыл» көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарды. Ал оның «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» атты туындылары қалың жұрттың көңілінен шығып, режиссер шығармашылығының биік шыңына айналды.
Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы 15 – ші ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында Айманбұлақ деген жерде туған. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданады. Шәкен Кенжетайұлы Айманов Семей қаласындағы Каз Коммунада одан кейін педагогикалық техникумде оқыған жылдары көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысады. Театр сахнасында қайталанбас образдарда қатысқан. Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1947 жылдан 1951 жылға дейін театрдың көркемдік жағын басқарумен қатар бас режиссер болып та істеді. Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1953 жылдан 1970 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің қанат жайып өркендеуіне де ерекше мол үлес қосты.
Шәкен Айманов белгілі биші Шара Жиенқұлованың сіңілісі Хадишаға үйленіп, одан Мұрат есімді бір ұл сүйген. Кейбір деректе режиссердің бастапқыда бишінің сіңілісіне емес, өзіне ғашық болғаны туралы жазылған. Хадишаның бірінші некесінен сүйген қызы Майраны да бауырына басып, туған қызындай көрген. Ал күйеу баласы Асанәлі Әшімов болды.
«Майра Шәкеңе келгенде еркін еді. Кейде «Дядя Шәкен», «папа», енді бірде «Шәкен Кенжетаевич» деп айтатын. Шәкең қандай да бір мәселе болмасын Майрамен ақылдасатын. Халық қадірлеген Шәкеңнен ұрпақ қалмады. Ұлы Мұраттан бір ғана қыз бар. Әрине, қазақ жиенді ұрпаққа санай бермейді. Дегенмен, ол кісі Майра екеуіміздің ұлымыз Мәди мен Сағиды «нағыз ұрпағым» деп білетін», — дейді естеліктерінің бірінде Асанәлі Әшімов.
Тағы оқыңыз: Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың өмірбаяны
1993 жылы қызы мен ұлы, алты жылдан соң жиендері Мәди мен Сағи қайтыс болады. Әнші Дина Айманова (Мұраттың қызы) — бүгінде ұлы режиссерден қалған жалғыз ұрпақ.
Ол алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай — Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады.
1940 жылы «Ленфильм» режиссері Левин Аймановты Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсіріліп жатқан «Райхан» фильмінде Сәрсеннің рөлін сомдауға шақырады. Бұдан кейін 1942 жылы «Ақ гүл» фильмінде майдангердің, 1946 жылы «Абай өлеңдеріндегі» Шәріптің, 1948 жылы «Алтын мүйізде» Досановтың рөлін сомдайды.
1953 жылы «Жамбыл» фильмі көгілдір экраннан көрсетілді. Аталған туындыда 38 жастағы актер екі бірдей рөлді сомдады. Олар — бозбала мен қазақ халық поэзиясының алып тұлғасы Жамбылдың рөлі. Кинематография саласындағы алғашқы ауқымды рөлі оның танымалдылығын арттырып, «ұлттық мінез» эталонына айналуына тікелей әсер етеді. Аймановтың актерлік қана емес, режиссерлік жарқын жұмыстары да бәрін мойындатты.
1954 жылы өзінің «Махаббат туралы поэма» атты режиссерлік туындысын қалың көрерменге ұсынды. Бұдан өзге ұлттық кинематографияның алтын қорына енген оннан астам көркем фильм түсірді. Олар — «Дала қызы», «Махаббат туралы аңыз», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шақыруда», «Жол түйісі», «Алдар көсе», «Ата-бабалар мекені», «Тақиялы періште» және т.б. Осылардың ішінде «Тақиялы періште» фильмінің сценариі өмірден алынған. Шәкеннің туысы Айнакүл ұлын үйлендіргісі келіп, қалыңдық іздеген.
Айманов театрдан киноға ауысуының себебін «Мен театрды жан-тәніммен сүйемін, бірақ ол кино сияқты қалың көрерменге жетпейді. Спектакль бір театрда жүреді, әрі кетсе бірнеше театрда қойылуы мүмкін. Ал фильмді мыңдаған адам көреді», — деп түсіндірген еді.
Бұдан өзге Шәкен Айманов би билегенді де ерекше жақсы көрген. Мәскеуде өткен І бүкіләлемдік кинофестивальде биден жарыс өтеді. Жиналған жұрт алғаш рет «Буги-вуги» биін көреді. Шәкен осы кезде америкалық киножұлдыз Элизабет Тэйлормен билеп, бірінші орын алады.
Шәкен Аймановтың актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі.
«Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. Ш.Аймановтың режиссерлік стилінде ұлттық бояу, сахналық айшықты түр іздеу басым еді.
1949 жылы өз инсценировкасымен қойған «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институты» спектаклінде осы ізденістері анық көрінді. Ал «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясындағы ақындық шабыт, әншілік толғаныс, таза махаббат, мөлдір сүйіспеншілік сезім, философиялық ойлар, ұлттық тұрмыс-салт, әдет-ғұрып дәстүрлері Ш.Айманов режиссурасынан ансамбль тұтастығына құрылған актерлік ойындардан көркем шешімін тапты.
Актер ғұмырының соңына дейін тынымсыз шығармашылық ізденісте жүрді. Өнер сапарымен әлемнің әр қиырында болып, өзі болған ортаның бәрінде қазақ халқының әнімен, өнерімен, дәстүрімен таныстырудан танбады.
Әр түрлі кинофестивальдерде, симпозиумдарда Жан Габен, Жан Марэ, Лоуренс Оливье, Софи Лорен, Радж Капур, Френк Копра сияқты әлемдік киножұлдыздармен кездесіп, соларға еліктей жүріп, өзі сахнада, кинода ойнаған рөлдерін әлемдік биікке көтере білді.
1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдердің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр.
«Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты.
Көп ізденістің нәтижесінде Ш.Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді.
Кино сыншылардың айтуынша, Аймановтың фильмдері жаңашылдығымен ерекшеленеді. Фильмдері соғыстан кейінгі кезеңді қамтыса, қойылымдарында халықтар арасындағы достық жарқын бейнеленген. «Атаманның ақыры» режиссердің соңғы туындысы болды. Бұдан кейін ол Мұхтар Әуезовтің «Абай» қазақ классикалық әдебиетінің үздік романы негізінде кино түсіруді жоспарлаған-ды.
«Шәкен Кенжетайұлының шығармашылығын көпжанрлы деп айтуға негіз бар. Режиссер ретінде ол бір-біріне ұқсай бермейтін фильмдер түсірді. «Махаббат туралы аңыз» деген фольклорлық, «Дала қызы» деген тарихи-драмалық, «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды музыкалық фильмдері бар. Ал «Атамекен» атты туындысының жанрын дөп басып айту қиын. Себебі, бір жағынан соғыс тақырыбын көтереді, екінші жағынан пәлсапалық ой салады. Соңғы фильмі «Атаманның ақыры» тарихи-революциялық туынды», — деді кинотанушы Бауыржан Нөгербек.
Шәкен Айманов шығармашылықтан бөлек, саясаттан да құралақан емес еді. 1940 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 4-ші және 7-ші жиналысында депутат болып сайланды. 1947 жылы оған Қазақ ССР Халық әртісі, 1959 жылы КСРО Халық әртісіі атағы берілді. Екі мәрте мемлекеттік Қазақ ССР сыйлығы беріліп, «Абай» спектаклінің қойылымына КСРО мемлекеттік сыйлығы табысталды. Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды.
Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды.
«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендерімен марапатталған. Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі. Бұдан өзге оған 2007 жылы «Экран шебері» атағы табысталды.
Бүгінде Алматыда орналасқан «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың аты берілген. Ішінде режиссерге арналған музей ашылып, ескерткіш бюст орнатылған. Сондай-ақ, Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылған.
Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.