Home Мәдениет ҚОЙШЫҒАРА САЛҒАРЫҰЛЫНЫҢ 85 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

ҚОЙШЫҒАРА САЛҒАРЫҰЛЫНЫҢ 85 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

Daismedia.kz

Биыл Қойшығара Салғариннің 85 жылдық мерейтойы. 1 сәуір күні еңбек жолын шопандықтан бастаған танымал жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғарин 85 жасқа толды. Жазушының «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссе, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген ІІ томдық романдары жарық көрген. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасында жүріп «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазды. 1996 жылы «Қазақтар» атты трилогиясы үшін ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Қойшығара Салғарин 1939 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы, Жангелді ауданының Көкалат ауылында дүниеге келген.
1957 жылы Қ.Салғарин еңбек жолын «Ауыл өмірі» газетінде редактор болып бастады. 1957-1975 жылдары – қазақ радиосының корреспонденті, Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің Мәдениет жөніндегі кеңесшісі, Г.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми қызметкері болды.
Автордың алғашқы сатиралық өлеңдері 1960 жылдары мерзімді басылым беттерінде жариялана бастады. Қытай тілінде жазылған қазақ халқының тарихын қазақ тіліне аударған автор. «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», сатиралық өлеңдер, «Крючок» («Ілгешек»), «Естай Есжанов» эсселер жинағының, «Жақсы адамның жанында», «Өткен күндер» әңгімелер мен повестердің, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» екі томдық романының және т.б. танымал кітаптардың авторы.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы «AQ сөйле» бағдарламасына берген сұхбатында «түрік пе әлде түркі ме?» деген сұраққа «қазақтың түбі – түрік» деп кесіп айтты. Сонымен қатар ғалым тегімізді ұмыттыруға тырысқандар «түрік» деген атаудың өзін үшке бөліп, қазаққа қастандық жасағанын айтады.

«Біз тарихқа “көшпелілер” деген атпен кірдік. Сол тарихтан “көшпелі” деген сөзді алып тастап, орнына түрік десеңіз, сол біздің тарихымыз. XX ғасырда салынған ең соңғы қалаң – Астананың биік үйінің шекесіне Nomad деп жазып қойған. Ол – көшпелі деген атаудан да жаман ғой. Бәрі — тарихыңның жоғынан. Америка үндістері көсемінің айтқаны бар: «Тарихын, тегін білетін рухты халықты қарудың күшімен жаулап алуға, қырып салуға болады. Бірақ бодан етіп, құл қыла алмайсың. Күндердің күнінде қайтадан шыға келеді» дейді. Міне, осындай болмасын деп, тегімізді атаған жоқ. Кеңес үкіметі келгеннен кейін орыстар Еуропадан көргенін қайталап, “түріктен” қатты қорықты. Өзара соғысып жатса да, пантүркизмді шығарды. Қырғыз бен қазақ бауыр десе, пантүркизм деп соттады», — дейді ғалым.

Пантүркизм күткен нәтиже бермеген бір түркология ғылымын бірнеше бөлікке бөліп тастады деп отыр.

«Әзірбайжанның өз түркологиясы, Қазақстанның өз түркологиясы сияқты бөлшектерге бөліп жіберді. Одан кейін әріптерін өзгертті. Қазір ноғаймен сөйлесіп көріңізші, бәрін түсінесіз. Оқып көріңіз, кіл «мягкий знак», «твердый знак» сияқтыларға тап боласыз. Ол да болмаған соң, 1926 жылы Бакудегі түркологтар сьезінде «түрік» деген атаудың өзін үшке бөлді. Кеңес үкіметінің құрамындағы түріктерді – «түркі» деді, яғни «тюрки». Оны біз «түркі» деп аудардық. Ал Түркияның түріктерін «турук» деп атады. Оны біз «түрік» деп алдық. Ал Түрік қағанатына ие шығыстағы түріктерді «туркют» деді. Оны біз қазір «көк түрік» деп атап жүрміз. Ал енді тәуелсіздік алған шағымызда, міне, биыл 31 жылдықты тойладық, әлі әкеден балаға дейін «түркі» дейді. Түркі деген сөз бар, «түркі шежіресі» деген жерде қолданылады. Бірақ оның түбірі – түрік», — деді Қойшығара Салғараұлы.

1964 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика бөлімін бітірген.

1964–1965 жылдары «Ауыл өмірі» газетінің редакторы, 1965–1971 жылдары Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, 1971–1975 жылдары Торғай облыстық телерадио комитетінің редакторы болған. 1975–1990 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1990–1993 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызметкер. 1993–1997 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы, 1997 жылы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. ҚХР-да жүріп «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазды.

«Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссе, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген ІІ томдық романдары жарық көрді.

«Қазақтар» трилогиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1996). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Екі рет медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Көне дүние тарихының білгірі, жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлының «Ұлы Дала» атты жаңа кітабы ежелгі жəне ортағасырлық далалық империялардың тартысты да талайлы тарихының жаңаша көзқараспен жазылуымен құнды. Туынды терең пайымдаулар мен байыпты да батыл əрі тосын тұжырымдарымен ерекшеленеді. Еуроцентристік бағыттағы көзқарастарды қалыпт астырған ғалымдардың еңбектерінің ақ-қарасын саралай келіп, бұрынғы қағидалардың шеңберін бұзып, соны пайымдауларға жол ашады. Зерттеу нысанына айналып отырған тақырыпқа байланысты басқа да ғалымдардың ой-пікірлерін талдап қана қоймай, тарихи түпнұсқа деректерді өзара салыстырып, автордың өзі тың əрі тиянақты дəлелдер келтіреді. Есте жоқ ерте замандағы ата-баба тарихының қалтарыс-бұлтарыс тұстарын сүзе қараған автор еңбегінің тілі жеңіл, көркем.

Кітап Ұлы Дала аталған ұлан-ғайыр кеңістікте өмір сүрген байырғы қағанаттар мен ұлыстардың тарихына қызығушы барша оқырманға арналған.

Шығармалары: Ілгешек. Сықақ өлеңдері. А., «Жазушы», 1966; Сол бір күндер. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1976; Үбедей. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1978; Соқпақ жолға бастайды. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1980; Тағдырлар тоғысы. Әңгімелер мен повестер. А., «Жалын», 1984.

ҚР Ұлттық кітапханасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шыққан «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының бірден-бір үлес қосушысы. Осы жобаның арқасында бүкіл әлем отандық әдебиетіміздің жетістігін БҰҰ-ның: орыс, ағылшын, араб, қытай, испан және француз сияқты алты тілінде таныса алады. 2018 жылы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» кітап сериясына әдебиет және өнер саласы бойынша мемлекеттік сыйлыққа ие болған заманауи жазушылардың 9 шығармалары таңдап алынды. 1996 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына К.Салғариннің «Қазақтар» («Казахи») трилогиясы ұсынылды. Автордың шығармасы араб тілінде басып шығарылды.

1996 жылдан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ал, 2003 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

You may also like

Leave a Comment