Түркістан облысында туризм саласын дамыту, туристер мен келушілерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – республикалық маңызы бар М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолының 2056 шақырымындағы бұрылыс алаңының күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілуі. Бұл жол айрығы «Самара – Шымкент – Орал – Ақтөбе – Қызылорда» бағытындағы негізгі көлік ағынын Сауран қалашығына тікелей жалғап, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық нысан саналады.
Маңызды инфрақұрылымдық нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, жиналған қауымды айтулы оқиғамен құттықтады. Ол өз сөзінде жаңа жол айрығының өңір үшін маңызын атап өтіп, бұл жоба тек жол сапасын жақсарту ғана емес, тарихи-мәдени туризмді дамытудағы шешуші қадам екенін жеткізді.
– Бүгін біз өңіріміз үшін аса маңызды инфрақұрылымдық жобаның іске қосылуына куә болып отырмыз. Республикалық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылатын жолдың пайдалануға берілуі – тарихи-туристік «Сауран археологиялық-сәулеттік кешеніне» апаратын кіреберіс пен шығаберісті едәуір жеңілдетеді. Бұл өз кезегінде жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Сапалы жол – туристің өңір туралы алғашқы әсерін айқындайтын басты факторлардың бірі. Сондықтан бүгін ашылып отырған бұл нысан туристік ағымның өсуіне, инвестициялық тартымдылықтың артуына, кәсіпкерлік нысандарының дамуына және жалпы өңірлік инфрақұрылымның жақсаруына үлкен серпін береді, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Сондай-ақ ол бұрын Сауран қалашығына бару үшін келушілердің шамамен 30 шақырымға жуық айналма жол жүруге мәжбүр болғанын атап өтті. Жаңа бұрылыс жолының іске қосылуы бұл мәселені толықтай шешіп, уақыт пен жол шығынын едәуір қысқартты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық сала мамандарына, құрылысшылар мен мердігер ұйым өкілдеріне алғысын білдірді.
Аталған жол айрығының құрылысын «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталды. Жолдың жалпы ұзындығы 1955 метрді құрайды. Жөндеу барысында қолданыстағы асфальт-бетон жамылғысы фрезерленіп, жаңадан сапалы жол қабаты төселді. Сонымен қатар су өткізгіш құбыр орнатылып, жолдың ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған инженерлік шешімдер қолданылды. Жол бойы абаттандырылып, заманауи жол белгілері мен таңбалау сызықтары сызылды, жарықтандыру жүйесі толық орнатылды.
Айта кету керек, Шымкент – Қызылорда бағытындағы автомобиль жолы еліміздегі ең қарқынды жолдардың бірі саналады. Бұл бағытпен тәулігіне орта есеппен 11 мыңға жуық жеңіл автокөлік, 3 мың автобус және 8 мың жүк көлігі қозғалады. Осындай үлкен көлік ағынын ескере отырып, жол инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздік шараларын күшейту және көлік қатынасының үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді.
Түркістан қаласының маңында орналасқан, тарихи әрі мәдени маңызы зор Сауран археологиялық кешеніне келушілер саны жыл сайын тұрақты түрде өсіп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы Сауран қалашығына 2683 турист келген болса, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 9925 адамға жеткен. Бұл – өңірдегі туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсететін көрсеткіш.
Туристер мен келушілерге барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралынан Сауран қалашығына бұрылатын жолдарды ашу және жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл бағытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы өңірге келетін туристердің жайлылығын арттыру, жол бойындағы сервистік қызметтерді дамыту және қауіпсіздік деңгейін көтеру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Жалпы алғанда, жаңа жол айрығының пайдалануға берілуі Түркістан облысының туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне оң ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жоба – тарих пен қазіргі заман инфрақұрылымын ұштастыра отырып, Түркістан өңірін халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
