Өткен xx ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалады. Сол оқиғалардың ішінде “ мың өліп, мың тірілген” халқымыздың басынан өткен 1930-1938 жылдар ауыр да азапты кезең болды. Өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен асыл ағаларымызды еске алу, ұмытпау — әрбір ұрпақтың парызы. Осы орайда, Келес аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен, “ Зұлмат жылдар ұмытылмайды” атты еске алу кеші өткізілді. Еске алу кеші N 5 ЖОБ беретін мектебінің кітапханасында, 7 сынып оқушыларының қатысуымен болып өтті. Шара барысында, репрессия құрбандары, хабарсыз кеткен, қаза тапқан қазақ азаматтары бір сәт үнсіздікпен еске алынды. Оқушыларға саяси қуғын-сүргін туралы қысқаша тарихи мәліметтер беріліп, балалар өлең шумақтарын жатқа айтып, Отан туралы әндер орындады. Шара соңында, “Тарихтан тағылым — өткенге тағзым” атты кітап көрмесі жайылып , көрмеге шолу жасалды.
Іс-шараны өткізудегі мақсатымыз : Саяси қуғын сүргін құрбандары жөнінде оқиғаны оқушыларға дұрыс терең түсінік беру, олардың саяси санасын ояту, оқушылардың адамгершілік қасиеттерін дарыту. Саяси қуғын сұргінге ұшыраған ақын жазушылардың ерлігін, үлгі-өнеге ету.
Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңестер Одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды.
1997 жылдан бері атап өтілетін бұл күні ел тарихындағы ең азалы кезеңді еске алып, кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан зардап шеккен миллиондаған адамның рухына тағзым етіледі.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген. Солақай саясаттың құрбанына айналғандар арасында ұлт зиялылары да бар.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.
«Халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.
Қуғын-сүргін құрбандарының жақындары да қатаң саясаттың зардабын тартты. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды. Жалпы еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды.
Репрессия жылдары қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінген. Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды.
Қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де тоталитарлық жүйенің шексіз қатігездігін үнемі еске салып тұратын тарихи мемориалды кешендер ашылды.
2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.
Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.