Тұңғыш саны 1934 жылдың 10 қаңтарында жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетіне – 90 жыл.
«Қазақ әдебиеті» газеті Қазақстан Жазушылар одағында шығарылады. Басылым қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған.
XX ғасырдың бірінші жартысында қазақ әдеби апталық газетінің шығуы еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды.
«Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы санында «Қазақ әдебиеті» — ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген үлкен әріптермен жазылып шықты. Алғашқы санынан-ақ газеттің мақсаты осылай айқындалды. Алғашқы бас редактор — Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшы — Мұхамеджан Қаратаев болды.
Газет алғашқы жылдары белгілі бір жүйемен жарық көрмесе де өз оқырманын рухани дүниемен сусындатты. Оған дәлел – газеттің таралымы 1934 жылы 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жетуі. Газеттің 1936 жылғы алғашқы санында бірінші беттің маңдайшасына «бес күнде бір рет шығады» деген мәлімет келтірілген. Десе де, 1940-1954 жылдары газеттің шығуы белгісіз себептермен тоқтап қалды. 15 жылдық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында қайта шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. Осы жылдан бастап газет бір жүйеге түсіп, өзіндік жолын қалыптастырды.
Ұлт, мемлекет тарихындағы небір сындарлы кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» өзінің сабырлы да салиқалы ұстанымымен ерекшеленіп, елдіктің ұйытқысы болды. «Қазақ әдебиеті» қазақ әдебиетінің әлденеше буын қаламгерлерінің қанатын қатайтып шығарған шығармашылық ұстаханаға айналды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдарында қаламгерлердің және олардың шығармашылық басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінің беделі өте жоғары болды. Қарымы қуатты, жаңашыл шоғыр да шығармашылық тегеурінін танытқан үрдістің айнымас шамшырағы, Темірқазық жұлдызы іспетті «Қазақ әдебиеті» газеті тоқсан жыл бойы қызмет етіп келеді.
Кезінде Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, С. Сейфулин, І. Жансүгіров сияқты алыптар іргесін қалаған тарихи басылым оқырманының көзайымына айналған. Газеттің әр беті – тұнған тарих, әлі де жазары таусылмаған. Бүгінгі күніде халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. «Қазақ әдебиеті»қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды.
Газет беттерінде қазақ ақын жазушыларының өлең, жыр, дастандары, әңгіме, очерктері, роман, повестерінен үзінділер, байырғы мәдени қазынамыздың ел аузында жүрген асыл үлгілері, көне тарихымызға қатысты деректер мен археологиялық-этнографиялық мұралар, қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні және келешегі жайлы байыпты әдеби-сын мақалалар; елдік елеулі мәселелер — қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғалар жөнінде публицистік өткір ой-толғаулар, дүние жүзі классиктерінің үздік туындыларынан аудармалар жарияланып келеді.
Сонымен бірге оқу-ағарту, білім, ғылым саласындағы әр алуан көкейкесті мәселелерді сөз етеді. Кино, театр, сымбат, қолөнерінің келелі тақырыптарын кеңінен толғап, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп, олардың жаңа шығармашылық туындыларын оқырмандарға таныстырып отырады.
Газет қай кезеңде болсада ұлттың өзекті мәселелерін де батыл көтере білді. Мәселен, Р.Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» (1956, 22 сәуір), Ә.Нарымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» (1956, 1 маусым), М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе» (1956, 10 тамыз), Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» (1956, 17 тамыз) атты атышулы мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жарияланымдар сол кездегі қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиға болған еді.
Алайда, сол материалдар үшін ҚКП Орталық Комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасырын қаулы қабылдап, газеттің «саяси қателігі» үшін редактор С.Мәуленов Орталық Комитетте жазаға тартылады.
Алайда, елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз насихаттап келе жатқан ата басылым қандай кезеңде де өз бағытынан жаңылған емес. Тіпті, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза басқарып тұрған кезде қазақ журналистикасына «Шерханның шекпенінен шыққан» дейтін бір толқынды алып келді.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік өзінің Facebook-тегі парақшасында «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымын басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтау сөзінде:
«Бұл қасиетті шаңыраққа қазақтың қай жақсысы бас сұқпады дейсіз?! Кешегі сері Сәкен мен құлагер Ілияс, кербез Ғабит пен қара нар Бейімбет аталарымыздың аяғының ізі, қаламының табы қалды. Одан кейін де газеттің басында қазақтың кіл арғымақ ұлдары, қадірлі қаламгерлері отырды. Сырбай Мәуленовтен Әзілхан Нұршайықовқа, одан Шерхан Мұртаза мен Сайын Мұратбековке жалғасқан салқар керуен ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреп келеді, — деп жазды.
Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы және еңбекшілерді тәрбиелеу ісімен белсенді қатысқаны үшін «Қазақ әдебиеті» газеті 1984 жылы 50 жылдығына орай «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бас редактор болған кезеңде көптеген журналистер осы басылымда еңбек етіп, шыңдалып, соның арқасында қазақ қаламгерлері арасында «Шерханның шекпенінен шыққандар» деп аталып жүрген толқын дүниеге келді. Тәуелсіздік алғанан кейін де рух жаршысына айналған газетті танымал ақын-жазушылар басқарды.
«Қазақ әдебиеті» газетінің алар асуы аласармасын!