Home Мәдениет ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ, САТИРИК ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ, САТИРИК ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл Қазақ руханиятының жоқшысы, сақшысы, сатирик жазушы Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының дамуына үлкен үлес қосқан қаламгерлігімен қатар, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар ашу жолында тынбай күрескен қажырлы еңбегімен туған халқының ықыласына бөленген күрескер азамат.

Шона Смаханұлы 1924 жылы 5 қазанда Жамбыл облысы, Талас ауданының Ойық деген аулында дүниеге келеді. Анасынан ерте айрылып, балалар үйінде тәрбиеленген.
Балалық шағы нәубет кезеңімен қатар келіп, ата-анасынан ерте айырылған Шона Смаханұлы атадан жалғыз тұяқ. Сондықтан да болар, ерте жетім қалған жиенін қамқорлығына алған нағашысы Дағай «халық жауы» болып Сібірге айдалар алдында Шонаны Талас ауданы, бүгінгі Тамды ауылының маңындағы Ақшұқыр деген жердегі балалар үйіне өткізіп кетеді. Мұнда ол замандастары Сейілбек Әбдиев, Смағұл Молдабековтермен бірге тәрбиеленеді. Бұл азаматтардың барлығы ел ағалары, бүгіндері есімдері елеулі, туған жерге ащы терін төгіп, еңбектері еңселенген, әрқайсысы әр саланың әлеуетін көтерген тұлғалар болып қалыптасты.

Ақын, жазушы, сатира жанрының жампозы, кеңестік әміршілдік-әкімшілдік дәуірдегі коммунист басшылардың қуғын-сүргініне қарамастан туған тілінің тағдыры үшін басын қатерге тіккен қайраткер. Алматының сол тұстағы санасы сарытап болған зиялыларын «ұйқыдан» оятып, ұлт болашағы – ана тілі екенін айтып жар салған, сол үшін де кейбір нигилист-шенеунік әріптестеріне жек көрінішті болған Шөкең қуғынға да түсті. КГБ деген мекеменің табалдырығынан да аттады.

Сатираның саңлағы, қазақ әдебиетінде шоқтығы биік тұлғалардың бірегейі — Шона Смаханұлы. Жазушы тек сатира жанрымен ғана шектелмей, поэзияда да, соның ішінде балалар әдебиетінде өзіндік ізін қалдырды.

Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен оралғаннан кейін ауылдық мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Осы жылдары қаламгердің өмір бойы ұлттық мектептің тыныс-тіршілігіне алаңдауға азық болғанға ұқсайды. 1957 жылдан бастап республикалық газеттер мен журналдарда, «Жазушы» баспасында қызмет атқара жүріп шығармашылықпен шұғылданған Шона Смаханұлының 1963-1989 жылдар арасында негізінен сатира жанрындағы жиырмадан астам кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көреді. Шона Смаханұлы бірнеше ән мәтіндерін жазуып, оған белгілі композиторлар әуен жазды.

Шона Смаханұлы есімі бала кезден санамызға таныс есім. Өйткені «Анамның тілі» әні әр баланың жаттап өскен өлеңі еді. Дәл осы әнмен алғаш әліппені, ана тілін оқып үйрендік. Ел арасында ең танымалы осы ән болғанымен, туғанына 100 жыл толып отырған Шона Смаханұлы 100-ге жуық әннің авторы екенін де еске салған жөн.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ел астанасы Алматы мен көптеген облыс орталықтарындағы бірлі-жарым мектеп-интернатты есептемегенде, қазақша оқытатын бірде бір білім ошағы жоқ жағдайға жаны ауырған ұлт зиялыларының алғы шебінде Шона Смаханұлы болды.

Қоғамдағы қазақ тілі мәселесі жазушыны ерекше толғандырды. Әсіресе, тілдің дамуын қалыптастыратын қазақ мектептерінің Алматы қаласында мүлде болмауы, ел ішінде бірең-сараң ғана болуы Шона Смаханұлының жанына шаншудай қадалғаны анық. Бұл мәселені жазушы үлкен мінберлерге жеткізіп, мәселе хатпен шешілмейтініне көзі жеткізген ол қазақ үшін қазақ тілді мектептер ашуда аянбай еңбек етті.

1976 жылы қараша айында С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің председателі, жазушы Шона Смаханұлы және он шақты ата-ана қол қойған өтініш КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевқа, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председа-телі С.Б.Ниязбековке, Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі Б.Ә.Әшімовке, Қазақ ССР Оқу министрі Қ.Балахметов жолдастарға жолданады. Өтініште №12 қазақ мектебіне келетін оқушылардың тең жартысы қаланың шеткі, ұсақ аудандарда тұратыны, әрбір оқушы күніне үш-төрт сағат автобус күтумен және автобус үстінде уақыт өткізетіні айтылады. Сондай-ақ: «Алматы мөлтекаудандарында балларын ана тілінде – қазақ мектебінде оқытқысы келетіндер де аз емес. Сондықтан осы объективті жағдайға байланысты микроаудандардың бірінде үлкен қазақ орта мектебін ашуды сұраймыз», – дейді өтініште. Таң қаларлығы, өтініш қазақ тілінде жазылғанымен, 19 қарашада министр Қ.Балахметовтің жауабы орысша келеді. Жауап хатта министр Алматы қаласының мөлтекаудандарының бірінде қазақ мектебін ашу қаншалықты маңызды екендігін зерделеуді ақынның өзіне қайта жүктейді. Дегенмен Шона Смаханұлы тапсырманы тап-тұйнақтап атқарады. Ал желтоқсан айының 21-і күні министрден келген екінші хатта қала орталығында орналасқан №12 қазақ орта мектебінде 1 057 бала оқитыны, оның 231-і қаланың оңтүстік-батыс аумағында тұратындығы зерделеніп, қалалық білім бөлімі алтыншы мөлтекауданда бой көтерген №86 жаңа мектепте 1977-78 оқу жылында 1-10 қазақ сыныптарын ашуды жоспарлап отырғаны жазылады. Алайда бұл жоспарланған шара сиырқұйымшықтанып, тек 80-жылдардың ортасында ғана қозғау болады.
Шона ақынның қазақ мектептері мен балабақшаларын ашудағы жорығы осылай басталды. Сең қозғалғандай болды. Кедергілер де, керітартпа қитұрқы азаматтар да болды. Қалай дегенде де, табиғатынан шыдамсыз, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін ақын бұл аралықта Д.А.Қонаевтың қабылдауында бірнеше рет болып, қаладағы жалғыз қазақ мектебінің жағдайын да жеткізген болатын. Сондағы үлкен кісіге айтқаны: «Қазақ балабақшасын ашу қажет!», «Қазақ мектептерін ашу қажет!».

Шона Смаханұлының үлкен еркі-жігері арқасында Алматы қаласында 1983-1984 оқу жылында, бұрынғы орыс мектебі базасында алғашы қазақ мектебі ашылады. Қайта құру мен жариялылық заманының жылымығын ізгі мақсатқа оңтайлы пайдаланып, өзімен пікірлес, ниеттес адамдармен бірлесе отырып, көптеген кедергілерге қарамастан, Алматыда қазақ мектептерін ашуды жалғастыра береді.

«Баланың тілі ең алдымен ана тілінде шығу тиіс, мектепте одан әрі жетіліп, дамуы керек», — деген қағидатты ұстанған Шона Смаханұлы ұлтымыздың берік болашағының бастауы ана тілді отбасы мен ұлттық мектеп деп танып, осы қағидатты жүзеге асыру жолында асқан батылдық пен сарқылмас сабырлылық қасиеттері арқылы жеңіске жетіп отырғандығы туралы жазушымен тұрғылас, қанаттас жүрген адамдардың естеліктерінде жиі кездеседі. Белгілі балалар жазушысы, ақын Абдрахман Асылбек «Шоқ тілді Шона» атты естелігінде былай деп жазады: «Алматы қаласында біраз қазақ мектебі ашылды. Міне, сол қазақ мектептерінің ашылуына тікелей атсалысып, маңдай терін төгуін Шона Смаханұлының ересен ерлігі деп біліуміз керек. …Смаханұлының екінші бір ерлігі – өзінің аты-жөнінен орыстың «ов», «ев» жұрнағын алып тастап, Шона Смаханұлы болуы. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы деп жазылғанда, мен неге Шона Смаханұлы болмаймын деп, өзгелерге үлгі көрсетуінің өзі көзсіз батырлық еді. Шонадан кейін Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази секілді жазушылар бірінен соң бірі өз аты-жөндерін қазақшалап жөндей бастады», — деп атап көрсетеді.

Жазушылар одағының, ақын-жазушылардың кеңес қоғамындағы рөлі мен бет-беделі аса жоғары болған дәуірдің әйгілі сын-сықақ журналы «Араның» бетінде сын садағының нысанасы етіп алған жағдайды жүйелі сөз, орынды факт арқылы жеріне жеткізе суреттеу арқылы кінәліні қапысыз мойындатып, оқырмандарды еріксіз тәнті еткен сын сардарларының бірі болды. Қоғамдағы әділетсіздікпен үнсіз келісуді азаматтық арына сын көретін қаламгер үшін туған тілінің білім саласындағы төменшік халі өмірлік күресінің мәніне айналғаны анық. «Ұлтым», — деп, қазақың жоғын жоқтаған адамның маңдайынан сипай қоймайтын кеңестік коммунистік заманда жазушының жасаған еңбегін туған халқы ұмытпақ емес.

You may also like

Leave a Comment